ШҚО-да оқушылар мектепке бара алмай отыр

Еліміздің шығысындағы мектептер қайтадан онлайн режимге көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қашықтан оқыту форматына ауысуға бұл жолы ауа-райының қолайсыздығы себеп болып отыр. Кеше өңірде толассыз жаңбыр жауса, бүгін сақырлаған аяз бет қаратпай тұр. Көшелердегі көктайғақ салдарынан бірнеше ауданның балалары мектепке барған жоқ. Бесқарағай мен Бородулиха аудандарында 1-ден 11-ге дейінгі сыныптардың барлығы үйден оқып жатыр. Ал Зайсан мен Қатон-Карағайда тек бастауыш сыныптар онлайн-форматқа көшірілді. Бүгін таңертеңнен бастап Ұлан, Көкпекті, Глубоковский және Шемонаихин аудандарында да мектептер жабылды. Ұйтқи соққан боран салдарынан Күршімдегі оқушылар да сабаққа бара алмай отыр.