Елордада жаңа көпірдің құрылысы басталды

Елордада жаңа көпірдің құрылысы басталды. Нысан Есілдің сол және оң жағалауын байланыстырып, қаладағы көлік ағынын реттеуге көмектеседі. Әсіресе Тәуелсіздік пен Қошқарбаев даңғылдары және сол маңдағы көшелердегі кептеліс азаяды. Бұған қоса Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеме 20%-ке дейін төмендейді деген болжам бар.

Астанамыз қарыштап дамып жатыр. Қазір мұнда күнделікті адам саны да, сәйкесінше көлік саны да артуда. Сондықтан көпірге қатысты мәселе өте өзекті. Тәуелсіздік даңғылындағы өткел құрылысы 2019 жылы жүргізілуі керек еді. Бірақ сот процесі біразға дейін созылып, енді ғана шешімі шықты.

Жанібек Мақсұт, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі басқармасының бас маманы:

- Қазіргі таңда барлық мәселе реттеліп, құрылыс жұмыстары басталды. Мамандар көпір өтетін аумақты белгілеп, негізгі дайындыққа көшті. Атап айтқанда, өзен жағасы топырақпен толтыруда, бұған қоса құрылыс шекарасына кіретін жасыл кеңістіктерді қайта отырғызу мен жағалауда демонтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Көпір темір бетонды құрылымдардан тұрады. Оның үстінен 8 жолақты жол өтеді. Ал жалпы ұзындығы 286 метрді құрайды. Жаңа өткел қаладағы көлік кептелісін азайтуға көмектеседі дейді мамандар.

Жанібек Мақсұт, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі басқармасының бас маманы:

- Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданы және Қошқарбаев даңғылын сол жағалауымен байланыстырады. Бұған қоса Нәжімеденов, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері мен Момышұлы даңғылындағы қозғалысты реттеуге көмектеседі. 

Көпірде тротуар және велосипед жолақтары да қарастырылған. Жоспар бойынша өткел құрылысы 2023 жылы аяқталып, толықтай қолданысқа беріледі. 

Аслан Қаженов, Жандос Сұлтанғазы