Өскеменде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыстық жастар форумы өтті

Өскеменде Тұңғыш Президент күніне және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық жастар форумы өтті. Жастар ұйымдарының белсенділері, студенттер мен волонтерлер екі күн бойы түрлі тренингке қатысып, әр салада жетістікке жеткен замандас жерлестерімен жүздесіп, шағын футбол ойнады. Ал шара соңында жылдың үздік жастары марапатталды.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елімізде жастарды қолдауға бағытталған жүздеген бағдарлама жүзеге асты. Оның бастауында Елбасы тұр. Айталық, Тұңғыш Президенттің тікелей тапсырмасымен «Болашақ», «Дипломмен ауылға», «Серпін» жобалары қолға алынып, өз жемісін берді. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы аймақтарды тек абаттандырып қоймай, қаншама талапты жасқа жұмыс көзін ашты. 

Еркебұлан Балтабеков, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

- «Жасыл ел» жобасы аясында 240 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған болса, біздің Шығыс Қазақстан облысында 20 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылыпты.

Өңір жастары қоғамдық жұмыста да белсенді. Ондаған волонтерлық ұйым құрылған. Олардың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Форумда облыс әкімінің арнайы сыйлығы берілді. Сондай-ақ студенттер, жас жұмысшылар және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің үздіктері де бұл күні марапатталды. Ал жас дәрігерлер Александр мен Диана Михайловтар жылдың үлгілі жанұясы атанды.

Александр Михайлов, «Үздік жас отбасы» аталымының жеңімпазы:

- Бұл өтіп бара жатқан жыл бізге жеңіл болған жоқ. Дәрігер ретінде көп еңбектендік. Үйде кішкентай баламыз бар. Оған да алаңдаймыз. Кешікпей бәрі артта қалады деп ойлаймын. 

Диана Михайлова, «Үздік жанұя» аталымының жеңімпазы: 

- Қандай қиын жағдай болмасын, қасқайып қарсы тұру керек. Сонда алынбайтын қамал жоқ. Еңбек түбі береке.

Пандемия кезінде табандылық танытқан жастардың жанкешті жұмысы да форумда аталып өтті.

Алмас Айтмұқаш, облыстық Jas Otan Жастар қанатының төрағасы, «Жылдың үздік жас көшбасшысы»:

- Өткен жылы бізде пандемия басталды. Сол кезеңде облыстық «Жас Отан» жастар қанаты 5 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, 2 мыңнан астам ҰОС, тыл ардагерлеріне азық-түлік себеттерін тасымалдаған едік.

Форум соңында жергілікті жас өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт өтті. 

Ардақ Асылханұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов