434,48 496,10 5,67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыда «Қазақстанда көлікті декарбонизациялауды қолдау» семинары өтті

  • 148
  • UPD: 00:08, 27.11.2021

Елімізде автокөлік саны жылдан жылға артып келеді. Ірі қалаларда бұл экологияның ластануына қатты әсер етеді. Осыған орай Алматыда БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссия аясында «Қазақстанда көлікті декарбонизациялауды қолдау» атты халықаралық семинар өтті. Мамандар көліктен шығатын зиянды азайтудың бірден бір жолы – қозғалтқыш отыны ретінде газды пайдалану деп отыр.

Алматыда өткен екі күндік семинарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «ҚазТрансГаз Өнімдері», «Жасыл Даму» қоғамы және «Қазақстанның газмоторлы қауымдастығы» бірлесе ұйымдас-тырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2018 жылы үкімет табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды кеңейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткенімен жоба толық көлемде іске асырылмаған. 

Алик Әшіров, «ҚазТрансГаз өнімдері» ЖШС бас директоры:

- Иә, 2018 жылы жоба бекітілгенімен оның толық жүзеге асуына әлемдік пандемиямен, мұнай бағасының құлдырауы салдарынан болған әлемдік дағдарыс кедергі болды. Дегенмен, жеке инвесторларды пайдаланып, біраз істерді бітірдік. Атап айтсақ, Атырау, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында жанармай құю бекеттерін салдық. Қазір Тараз бен Талдықорған қалаларында да салынып жатыр.

Көлік нөпірі көп Алматы секілді алып шаһарда табиға газға көшу өте маңызды. Біріншіден, бұл экология ғана емес экономикаға да пайдасы мол. Ауа тазарып, бюджет қаржысы үнемделеді дейді мамандар. Қазір Алматыда 550 автобус табиғи газды пайдаланса алдағы 2-3 айда тағы да 300 автобус табиғи газбен жүретін болады.

Асылбек Батталханов, «Автогаз Алматы» ЖШС Бас директоры:

- Келесі біздің мақсатымыз грузовой техниканы газға көшіру керек. Содан кейін скорый помощь, ДВД машиналарын, такси, негізі қалада бәрі газбен жұмыс істеу керек. Экология жағынан бізге керек Алматыға.

Табиғи газды тұтыну адамдар үшін де, қоршаған орта үшін де тиімді. Ендігі мәселе ірі трассаларда газ бекеттерін ұлғайтып, жүргізушілерге ыңғайлы инфрақұрылым қалыптастыру. Мамандар алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқарып, үлкен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы