Қ.Көшербаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы көптің көңілінен шықпай отырғанын жеткізді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістанда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Парламент Мәжілісінің депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Араға 10 жыл салып өткізілген құрылтайда мемлекеттік тілге қатысты қандай мәселелер айтылды?

Құрылтай  5 жыл сайын өтіп тұруы тиіс. Алайда соңғы рет 10 жыл бұрын ұйымдастырылған. Қазақ тілінің болашағына алаңдаған тіл жанашырлары бұл күнді көп күткені анық. Барлығының ойы мемлекеттік тілдің мәртебін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту. Жиынға қатысқан еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі жұмысы көптің көңілінен шықпай отырғанын жеткізді. Сондықтан қоғам жұмысын заман талабына сай жаңаша ұйымдастырып, қайта жандандыру керектігін басып айтты. Сонымен қатар қоғам алдына жаңа міндеттер жүктеді.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы: 

- Біріншіден, қазақ тілінің қолдану аясын одан әрі кеңейту және оның қоғамдағы ролін арттырудағы маңызды ролін ескере келе халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын елордаға көшіру және өңірлердегі филиалдарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электрондық ресурстарын дамыту маңызды. Саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ықпалды ұйымға айналуы керек. Латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сонымен бірге халықаралық қазақ тілі қоғамы тіл тақырыбынан бөлек, ұлттық жаңғыру, рухани дамыту, ұлттық мүдде, ұлттық намыс мәселесі бойынша да жұмыс жүргізуі керек деп есептейміз.

Мемлекеттік хатшы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетін Мемлекеттік комиссия құрылатынын айтты. Сондай-ақ қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалып жатқанын жеткізді. Тұжырымдаманың мақсаты үздіксіз білім беру арқылы мектептен бастап, тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл жоба мемлекеттік тілді қажеттілік үшін үйретудің  алғашқы қадамы болады.  

Сайын Назарбекұлы, «Ұлт анасы – қазақ тілі» қоғамдық қорының негізін қалаушы:

- Құрылтай қанша жиналыс, мемлекет қанша қаулы шығарғанымен тұтас халық кіріспей, тіл тәуелсіздігі орнай қоймайды. Себебі көптеген басшылар қол қойып, қол көтергенімен қағазға, іске келгенде анық жеріне жеткізіп, аяқтай алмай жатады. Сондықтан халықтың өзі кірісуі керек. Халықтың өзі қолға алуы керек.

Ал белгілі жазушы Роза Мұқанова еліміз Тәуелсіздік алған жылдардардағы халықтың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы мен құштарлығы соңғы он жылда бәсеңдей бастағанын айтты. 

Роза Мұқанова, жазушы:

- Осы махаббаттан, осы сезімнен, осы ұлтжандылықтан кейінгі кезде бір босаңсу, әлсіздік танытқандай көрінеді. Бүгінгі құрылтай үлкен талап қойып отыр. Бұл қоғамның өзі кірісетін, әр қазақтың өзіне талабы болу керек. Бұл талапты өзіне қою керек. Мен өзім құрылтайдан сондай бір қуанышпен, үмітпен кетіп бара жатырмын.

Жиында қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды. Жаңа төраға мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш