Шымкенттік зағип жан шаһардың тазалығына үлес қосып жүр

Шымкент тұрғыны Нұртілеу Жаналиев 10 жылдан бері аула сыпырушы болып еңбек етеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осы уақыт аралығында ол отбасын құрып, көп балалы әке атанды. Кім аула сыпырмай жатыр дерсіз. Бірақ Нұртілеу сияқты зағип жанның ауыр жұмыс атқаруы көпке үлгі. Бүгінде ол қала тазалығына жауапты мекеменің белсенді жұмысшысы. Мүмкіндігім шектеулі деп, қол қусырып отырғысы келмей, көше тазалауға шыққан. Әрі отбасының қамын ойлады. Қос жанардың біреуі мүлде көрмейді, екіншісі де әлсіз. Күннің райы қалай құбылса да, ол әркез жұмысында жүреді. 

Нұртілеу Жаналиев, аула сыпырушы:

– Жұмысты жақсы көремін өзім. Жұмыстан қайтпаймын. Жұмыс істегім келеді. Жұмыс істемесем бала-шағамды кім асырайды? Жұмыс істемесем, бала-шағамды ешкім асырамайды. Сол үшін, өзіме кір келтірмес үшін жұмыс істегім келеді. Бастықтардан ешқандай зиян жоқ. Айтсам, бәрін істеп береді. Жағдайымды да түсінеді.

Нұртілеу жалқаулық пен жұмыссыздық ауру шақырады дейді. Сондықтан өзі бір тынған емес. Алайда алаяқтардың арбауынан кейін баспанасыз қалғаны жанына батады. 

Нұртілеу Жаналиев, аула сыпырушы:

– Алдағы мақсатым – үй алу, бала-шағамды жеткізу ғой. Басқа маған ешнәрсе керек емес. Бастысы бала-шағамды жеткізсем өзім сияқты болмай, қиыншылық көрмей жүрсе деймін. Кейде үлкен ұлым сабаққа аш кетеді. Мен не істеймін? Балама айтамын шыда, өмірге шыда деп. Мен де 11-12 жасымнан квартирада келе жатырмын ғой. Әкем қалай қайтыс болды. Содан бері.

Үсіп Құдайсүгіров, бригада шебері:

– Жұмыс оңай емес. Басшылардың берген тапсырмаларын орындауға әрекет қыламыз. Бұл Жаналиев Нұртілеу де ешуақытта бізде ұятқа қалдырмаған. Қызметіне көңіліміз тояды. Жұмысы жақсы. Сол кейбір қиын кездер болады. 1-2-3 еу қып көшеге қоямын ол жігітті. Біреуі ешуақытта істемейді. Сол 11-12 жылдың ішінде бірге істеп келе жатырмыз.

Нұртілеу 4 баласы мен жүкті әйелінің жатақхананың жалдамалы бөлмесінде тұрып жатқанына қынжылады. Тапқаны отбасының керек-жарағынан ауыспайды. 

Әселханым Жаналиева, жұбайы:

– Күйеуім ғана жұмыс істейді. Соның айлығына күнімізді көріп жатырмыз. Қиын да болады ғой енді. Бала-шаға үшін. Асырау керек, жұмыс істеуің керек. Үйде отырсаң, кім береді ақшаны? Ешкім бермейді. Сол үшін жұмыс істейміз.

Нұртілеу Жаналиев аула сыпырушы болғанына арланбайды. Керісінше, көшені көріктендіріп, таза ұстауға үлес қосып жүргеніне қуанады. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов