Алматы облысында кәсіби құсбегілер қырға шықты

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңірде «Сонар 2021» республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Биыл жиырма төртінші рет ұйымдастырылған бұл сайысқа 11 команда, 80-нен астам құсбегі қатысып жатыр. Олардың арасында халықаралық, республикалық жарыстарда бірнеше рет топ жарған құсбегі-спортшылар мен қиядағыны шалған қырандар бар. Турнир екі кезеңнен тұрады. Бұл жолы құстың сыны мен құсбегінің киім үлгісіне де ерекше мән беріледі. Еркін ұшыру, шырғаға салу бағдарламаларынан іріктеліп шыққан бүркіттер жартылай финалда қоянға түседі. Ал ителгі, қаршығаларды кептер мен қырғауылға салады. Алдағы жексенбіге белгіленген ақтық бәсекеде қыран бүркіттер түлкіге түсіп, нағыз сонардың көрігін қыздырады. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған республикалық турнир аясында құмай тазылар жарысы өтетінін де айта кетейік.

Жалғас Әкімбеков, құсбегі:

– Біз мына Жамбыл облысы, Меркі ауданынан келдік. Бізде де осы құсбегілік өте жақсы дамыған. Балаларымызды сынамаққа Текеліге осы кеше келгенбіз. Өте жақсы деңгейде, жарыс керемет. Осымен екінші жолы келіп, осы жарысқа қатысып жатырмыз. Жамбыл облысынан үш құс алып келдік.

Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:

– Енді басқа облыстардан осы жарысқа келетін жігіттер көбінесе жүлде үшін емес, осы Алматы облысынан тәжірибе үйренеміз, осы Алматы облысынан көп дүниелерді көреміз деп келеді. Өйткені, әрине, республикада тұңғыш Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі осы Алматы облысында құрылған болатын. Жалпы дайындықтың бәрі өте жақсы. Алматы облысында басқа өңірлерге қарағанда ұйымдастырушылығы өте жоғары деңгейде деп айтуға болады.