Алматыдағы ел тәуелсіздігі жарияланған ғимарат қазір қандай күйде

ҚР Тәуелсіздігі жарияланған ғимарат бүгінде тарихи нысанға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы ғимаратта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды.

Тарихи ғимарат Алматының орталығында орналасқан. Ал ғимараттың негізгі қасбеті «Астана» деп аталатын ескі алаңға қарайды. Бұл ғимараттың құрылысы 1938 жылы басталған. Соғыс жылдарында тоқтап қалған құрылыс 1957 жылы аяқталды, ал 1972 жылы оған қосалқы екі нысан салынды. 1980 жылға дейін осы ғимаратта Жоғарғы Кеңес, Министрлер Кеңесі және Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитеті отырды.Ал тәуелсіздік алғаннан кейін мұнда Алматы облысының әкімдігі орналасты. 10 жылдан бері бұл тарихи орын Қазақстан-Британ техникалық университетінің оқу корпусына айналды.

Айта кетейік,  2016 жылы ғимараттың қасбетінде «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылданғаны туралы мемориалдық тақта ашылды.

Сондай-ақ қазір мұнда түлектер аллеясы бар. Ғимараттың дәлізіндегі кеңестік декор элементтері, ескі шамдар, терезелер сол қалпында сақталған. Терезелерден әдемі саябақты көруге болады. Асхана да бұрынғыдай қалды. Оның тек ішкі көрінісі өзгертілген. Сондай-ақ дәл осы ғимаратта астананы ауыстыру туралы шешім қабылданды.