Елімізде әскери борышын өтейтіндер жұмысшы мамандығын да игереді

Еліміздегі сарбаздарға әскери дағдымен бірге жұмысшы мамандығына оқыту қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осылайша бүгінгі жауынгер ертең байланыс маманы, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, экскаваторшы, тракторшы, жол салушы кәсібін игеріп шығады.

Қанатбек Әсемов, Жауынгерлік даярлық департаментінің аға офицері, полковник:

– 17 мамандық бойынша біздің Қарулы Күштердің оқу орындарында дайындық өтіп жатыр. Барлық бағдарламаларға түзету, өзгертулер, толықтырулар жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігінде осы мамандарды дайындау үшін сағаттың айырмашылығы, анықталуда.

Қорғаныс министрлігі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды жіті зерттеген. Таңдалған 17 мамандықты сарбаздар тегін игереді. Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында қазірдің өзінде жүк көлігінің жүргізушілері дайындалып жатыр. Жыл сайын мұнда 160-қа жуық маман шығарылады.

Авторы: Мерей Мұратханқызы