Ақтөбелік өнерпаз Гиннестің рекордтар кітабына енген күрделі аспапты меңгерген

Ақтөбелік Дәулет Ізмағамбетұлы 8 музыкалық аспапты еркін меңгерген. Домбыра мен баян, гитара мен барабанды айтпағанда, саксафон мен флейта сияқты бірқатар үрмелі аспаптарда ойнайды. Ол Гиннестің рекордтар кітабына ең күрделі аспап ретінде енген гобойды меңгерген. Бүгінде музыкант шәкірт тәрбиелеуді қолға алыпты.

Қалалық эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі ұжымы үшін желтоқсан айы қауырт кезең. Бірнеше мерекелік бағдарлама әзірлеп, Тәуелсіздік күніне орай тыңдарманға жаңа туындыларды ұсыну – жылдағы үрдіс.

Қалалық эстрадалық үрмелі аспаптар оркестрінде жалғыз ғана гобой бар. Әлемдегі ең күрделі деп танылған аспапты Дәулет Ізмағамбетұлы меңгерген. Қызылорда облысының тумасы Ақтөбеге Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияның шақыртуымен қоныс аударыпты. Бала күнінен музыкаға ынтызар жас жігіт бірнеше аспапта ойнағанымен, гобойдың үніне шын ғашық болдым дейді.

Дәулет Ізмағамбетұлы, А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқытушысы:

– Бұрын «мемет» деп аталған. Мультфильмдерде көрген шығарсыздар, жыланды билететін аспап. Сол аспап – негізі осы гобой. 

Қазақстанда гобой аспабын үйрететін арнайы білім ордасы саусақпен санарлық. Солардың бірін кейіпкеріміз Ақтөбеде ашыпты. Қазанғап атындағы музыкалық мектепте шәкірт тәрбиелеуді қолға алған.

Ежелгі Египетте пайда болған аспапты 17-ші ғасырда франциялық шеберлер қайта жаңғыртқан. Ал әлемдік өркениетке өткен ғасырда кең тарала бастапты. Үндістандық жылан арбаушылар түрлі қойылымдарында жиі қолданып келеді. Өнерпаздың айтуынша, гобойдың заманауи үлгісін меңгеру үшін музыкалық дарыннан бөлек денсаулық та мығым болуы тиіс. Себебі нақышына келтіріп дыбыс шығару үшін үлкен күш-қуат керек.

Дәулет Ізмағамбетұлы, А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқытушысы:

– Концерттің алдында, аспапта ойнар алдында міндетті түрде тамақ жеу керек. Өйткені бұл гобойға, аспаптың өзі кіп-кішкентай болғанымен, өте көп күш керек. Өзің кейде сезесің. 8 сағат жұмыс көбейіп кетсе, жүрегің шаншып, басың айналғанын сезесің. Қарның ашып кетеді бірден.

Алдағы мереке күндеріне қалалық эстрадалық үрмелі аспаптар оркестрі ерекше бағдарлама әзірлеген. Жергілікті әскери бөлімнің өнерпаздарымен бірге арнайы концерт өтеді. Саксафон мен сыбызғы, тромбон мен керней, барабан қондырғысы сияқты дәстүрлі аспаптармен қатар Нұрғиса Тілендиевтің Махамбет поэмасы мен Сүгірдің термелерін гобойдың орындауында да естуге болады. Топтың көркемдік жетекшісінің айтуынша бұлбұл үні іспетті бұл аспаптың кез-келген оркестрде алатын орны ерекше.

Сәкен Еркеғұлов, қалалық эстрадалық үрмелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі:

– Қазіргі уақытта оркестрге жазылған партитураларда гобой инструментінің өзінің орны бар. Сол гобой инструментіне ұқсас «фогот» деген аспап бар. Мысалы, гобой жоғарғы регистрде болса, фогот төменгі регистрде болады.  Шығармаларды нақышына келтіріп, композитордың ойын әр аспаппен көрсету үшін бізге сондай гобой, фогот сияқты музыкалық аспаптар қажет.

Дәулет Ізмағамбетұлы қазір жергілікті музыкалық колледжде де гобой класын ашқан. Гиннестің рекордтар кітабына енген аспапты жас өнерпаздарға үйретіп жүр. Ол болашақта шәкірттерін әлем сахналарынан көруді көздейді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков