Каспий теңізі ортайып барады

Каспий теңізінің деңгейі соңғы 16 жылда 1,5 метрге төмендеген. Мамандар бұған климаттың өзгеруі әсер етті деп отыр. Егер бұл үрдіс жалғасатын болса, онда экологиялық және экономикалық қиындыққа әкеп соғуы әбден мүмкін.

Су деңгейінің тартылуы Каспий маңындағы барлық елде өзекті. Географиялық түсінікте ол теңіз емес, көлемі жағынан 371 мың шаршы шақырым болатын ең үлкен көл деп есептеледі. Алайда 90-шы  жылдардан бері жыл сайын ондағы судың деңгейі бірнеше см-ге төмендеп отырды.  

Ильгар Велизаде, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының басшысы:

– Жақын арада Каспий суының төмендеуі 2 метрге дейін жетеді. Бұл бірінші кезекте Каспий маңында орналасқан Қазақстан мен Ресей сияқты мемлекеттерге кері әсерін тигізеді.  Тіпті судың тартылуы экологияға да орасан зор нұқсан келтіреді.

Әзірбайжан ғалымдарының айтуынша су деңгейінің төмендеуіне климаттың өзгеруі де әсер етті. Атап айтқанда соңғы жылдары жауын-шашын өте аз түскен екен. Жауған жаңбырдың өзі тез буланып кететін көрінеді. Оның үстіне Еділ өзенінен аққан судың көлемі азайды. Бұған климаттың жылынуы түрткі болды. Қазір Әзірбайжандағы өзендердің де жағдайы мәз болмай тұр.

Чингиз Исмаилов, Каспий ғылыми орталығының басшысы, профессор:

– Каспийдің саяздануын табиғи құбылыс ретінде қабылдау керек. Әрине су айдынының төмендеуі мен жоғарылауы жағымсыз әсерін тигізеді. Әсіресе балық аулау, ауыл шаруашылық саласы қатты зардап шегеді. Кемежай жұмысы тұралап қалады. Жағажайдағы туристік нысандар да жабылып қалады. Ал су деңгейінің тартылуынан жер асты суы азаяды. Осының бәрі орасан зор шығынға тірейді. Сондықтан қазірден бастап жағдайды оңалту үшін тиісті шараларды қолға алуымыз керек.

Германия мен Голландия ғалымдары ғасыр соңына қарай Каспий теңізінің деңгейі 18 метрге дейін төмендеуі мүмкін екенін айтады. Ал көлемі 3 есеге азаюы ықтимал. Мамандар тіпті аймақтағы жағдай табиғи апатқа айналуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. 

Авторлары: Камилла Джабарова, Айгюн Гасан