Алматыда әлемдік стандартқа сай автодром салынып жатыр

Алматы облысы Іле ауданында автодром салынып жатыр. Кәсіби техникалық кешенде халықаралық және құрлықтық жарыстар өткізіледі. Темір тұлпарымен жүйіткуді жақсы көретіндер мото және автоспорт түрлері бойынша бақ сынайды.

Темір тұлпарын асау аттай тулатып жүрген алматылық – Майрбек Махмұдов. Бұл оның алтыншы жаттығуы. Авто жарысқа ден қойған жүргізуші көлігіне 400 аттың күшіне пара-пар қозғалтқыш орнатқан. Алғашқыда жарыс алаңына көрермен болып келген оның қызығушылығы оянып, сүйікті спортына айналыпты.

Маирбек Махмұдов, дрифтер:

– Бұл өте күшті нысан. Мәскеуде болдым. Салыстырмалы түрде айтсам, біздікі әлдеқайда жақсы. Елімізде осындай кешен салынып жатқаны қуантады. Әрі мақтаныш сезімін тудырады. Отандастарымыз бұл спорттық техникалық туралы білсе, көптеп келер еді.

Өзге алаңдарында да құрылыс жұмыстары аяқталуға жақындады. Төрт жарым шақырымға созылған тік және 13 бұрылысты жеті метр биіктікке көтерілетін жарыс жолы салынды. Онда формула 2 сайысы өткізіледі. Көрермендер орны, оқыту орталығы, жұмысшылар мен төрешілерге және БАҚ өкілдеріне арналған бөлмелері де қарастырылған. Халықаралық ұйымдардың стандартына негізделген кешен шетелдіктерге бәсекелес болмақ.

Кешенде туристерге қызмет көрсететін орталық жұмыс істейді. Мұнда келушілердің әрбіріне жол талғамайтын және жарысқа арналған көліктер жалға беріледі. Мамандардың айтуынша, мына картинг сағатына 60-70 км жылдамдықпен жүреді. Сондықтан жүргізушілерге қатаң талап қойылған.

Қауіпсіздік белбеуі мен баскиімді киген соң ғана жарыс жолына шығарады. Негізінен автоспорт саңлақтары жазда келеді. Ал Еламан Батыр сияқты көлік жүргізіп, көңіл сергітіп қайтатындарға кешен есігі әрдайым ашық.

Еламан Батыр, аудан тұрғыны:

– Қол босаған сәтте жиі келемін. Қалада жылдамдықты асыратындардың көлікті осында келіп айдап, адреналин алғаны жақсы. Өте керемет, тамаша, сөз жоқ.

Он жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстары келесі жылы толық аяқталады. Сол кезде туристер көліктердің мұражайын көріп, пейнбол ойнап, халықаралық деңгейдегі автожарысты тамашалай алады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев