Экология мәселесі «Нұр Отан» партиясының жіті қадағалауында

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттарымен танысқан Павлодар жастары өз ойын ортаға салды. «Нұр Отан» партиясының аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Ирина Чидунчи Нұрсұлтан Назарбаев экология мәселесіне баса назар аударып отыр дейді.

Бүгінде адамзат баласы құрғақшылық, өрт, өзен-көлдердің тартылуы сынды экологиялық апаттармен бетпе-бет келіп отыр. Табиғи сын-қатерлердің алдын алу жолдары жетекші партияның сайлауалды бағдарламасына енген. Павлодар облысы – ірі өндіріс ошақтары көп шоғырланған индустриалды өңір. Қоршаған ортаға келтірілетін залал да аз емес.

Ирина Чидунчи, «Нұр Отан» партиясының аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы:

– Павлодар облысы елімізде қоршаған ортаға ең көп зиян келтіретін өңір саналады. Осы орайда біздің экологиялық кеңес өндіріс ошақтарынан ауаға таралатын зиянды қалдықтардың көлемін азайту, кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізу, санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру сынды сайлауалды бағдарламаның Жол картасына енген маңызды шаралардың жүзеге асуын қадағалайды. Бұған тұрмыстық қалдықтарға арналған жеке контейнерлер орнату сияқты өзге де көптеген іс-шаралар кіреді.