Елімізде қалдықтарды сұрыптаудың жаңа технологиясы іске аспақ

Қазақстан қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратудың жолдарын қарастыру үстінде. Отандық мамандар осы тұрғыда түрік әріптестерімен тәжірибе алмасуға көшті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Яғни тұрмыстық қалдықты өртеу арқылы энергия қуатын алудың қыр-сырына қанығып жатыр. Еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов бастаған делегация Ыстамбұлдағы ең ірі қалдықтарды сұрыптау және өңдеу кешенінде болды.

Әлем қоқыс алаңына айналып барады. Экологиялық тепе-теңдік бұзылды. Сарапшылар қалдықтарды кәдеге жарату арқылы мәселені түйінін тарқататын жол іздеп отыр. Соның бірі – «Waste-to-Energy» тұрмыстық қатты қалдықтарды жағу арқылы энергия қуатын алу. Заман талабына айналған «Қалдықтарды энергияға айналдыру» технологиясын өзіміздің мамандар да игеріп жатыр. Ыстамбұлға барған қазақстандық делегация мен БАҚ өкілдері, қалдықтарды кәдеге жарату жүйесімен танысты. Ел осыдан бірнеше жыл бұрын «нөлдік қалдық» жобасын іске қосқан. Қазірде қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу әрекеті халық тарапынан қолдау көріп, жаңа ұлттық идеяға айналды.

Айшен Эрдинчлер, Ыстамбұл муниципалитетінің қоршаған орта департаменті директоры:

– Бізде қалдықтарды жоюдың ұтымды тәсілі іске қосылған. 2050 жылға дейін қалдықтардың 30% жағылса, 70% баламалы энергия көзіне айналады. Елімізде «Нөлдік қалдықтар» жобасы іске қосылған. Барлық жергілікті муниципалитеттер оны сақтауға міндетті. Біздің міндетіміз –жиналған қалдықтарды осында жеткізу және одан баламалы энергия өндіру, ең соңында оларды залалсыздандыру.

Қазақстандық делегация осыдан кейін Түркияның ең ірі тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кешеніне барды. Ыстамбұлдың іргесіндегі бірегей кәсіпорын тұрмыстық қалдықтарды электр қуатына айналдырады.

Айта кетерлігі, елімізде де «Waste-to-Energy» технологиясын енгізудің заңнамалық базасы әзірленген. Енді мұндай заманауи кешен еліміздің алты қаласында іске қосылады. Бұл қалың қалдықты азайтып, полигон санын да шектеуге септігін тигізбек.

Ахметжан Пірімқұлов, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа экологиялық кодекс күшіне енді. Жаңа экологиялық кодексте осы тұрмыстық қалдықтарға байланысты біраз сұрақтар көрсетілген және 2020 жылы күзде «Waste-to-Energy» бойынша заң қабылданды. Бүгінгі күнде біз Ыстамбұлға Нұр-Сұлтанның ғана емес, өңірлердің де өкілдері бар. «Waste-to-Energy» бойынша Қазақстанда аукцион өтіп, алты қала белгіленді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе қалалары. Біздің мемлекеттің қойып жатқан талабы осындай жаңа барлық экологиялық стандарттарға сай зауыт болу керек.

Қазақстанда қолданылатын «Waste-to-Energy» технологиясының түрік үлгісінен айырмашылығы бар. Елімізде осы әдіспен тек еш құндылығы жоқ және қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар ғана жағылмақ.

Шынболат Байқұлов, «Kazwaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының төрағасы:

–Тұрмыстық қатты қалдықтарды термиялық өңдеуді көзімізбен көрдік. Қалдықты сұрыптамай-ақ өртеуге де болады екен. Бірақ біздің жағдайда сұрыптау міндетті. Өртеуге болмайтын қалдықтардың толық тізбесі жасақталған екен. Біздің елде талап өзгерек, сондықтан ережеге бағынамыз.

Жаңа кешендерде Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 30%-ке жеткізу жоспарланған.

Сарапшылардың пікірінше, қалдықтарды өртейтін заманауи зауыттар қоршаған орта мен адам денсаулығына зиян келтірмейді. Себебі мың градустан асатын қатты ыстықта кез келген қауіпті заттың күші жойылады. Дәлірек айтқанда, Еуропа мен Азияның кейбір қалаларында осындай кәсіпорындар қала ішінде орналасқан. Бұл да оның қауіпті емес екендігінің дәлелі.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Эсугай Бесджи