Автобус жүргізушісіне қойылатын талап жеңілдей ме?

Елордада қоғамдық көлік қозғалысына жауапты компания талап тым жоғары екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осы себепті жүргізуші тапшы. Тапшы болған соң, автобустар уақытынан кешігіп жүреді. Интервал 15-20 минутқа ұзарып кеткен. Бас қалада қазір 870-ке тарта қоғамдық танспорт қатынайды. Бір автобусты ауысыммен 3 адам тізгіндеуі керек. Ал қазір екі-ақ жүргізушіден келеді.

Компания өкілінің айтуынша, жалақы жақсы, оның үстіне биыл еңбекақы 20 процентке өскен. Қоғамдық көлік тізгіндегендер бүгінде 300 мың мен 600 мың теңгенің аралығында айлық алады. Бірақ осының өзінде бір ғана елордада 766 жүргізуші жетіспейді.

Науат Азанбаева транспорттық компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі қызметінің жетекшісі:

– Негізі бір автобуста 3 жүргізуші болу керек, қазір 2 жүргізушіден ғана. Бізде талап тым жоғары болғандықтан көп ешкім келе бермейді. Кем дегенде 5 жыл жүргізушілік тәжірибесі болу керек. Ал ондайлар аз. Мысалы көрші елдің тәжірибесіне қарасақ, олар категория сұрамайды. Өздері 4 ай оқытып, жүргізуші ғып шығарады. Бізде де осындай жеңілдік болса, мәселе шешілуі мүмкін ғой.