Ақмола облысында орман өрті көбейген

Облыста жыл басынан бері орман-тоғайдан 123 рет өрт шыққан. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп, деп хабарлайды «Хабар 24». 

8 мың гектардан астам жасыл желекке залал келіп,  оның ішінде 300 гектарға жуық жер толық жанып кеткен. Ал табиғатқа 5 млрд теңге шығын келтірілді.

Орманшылардың сөзінше, биыл тілсіз жаудың көбі Бурабай, Зеренді және Ерейментау аудандарының аумағында болған. Осы жылы орман өртінің көбеюіне күннің ыстығы мен найзағай сеп болыпты. Дегенмен адами факторлар да әсер еткен. Себебі табиғат аясына қыдырып барғандар көп жағдайда қауіпсіздікті сақтамайды. Темекі тұқылын тастайды немесе алау жағады.

Айта кетейік, осындай заңбұзушылықтарды инспекторлар байқаса, кінәлі тұлғаға 87 мыңнан 300 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Лашынтай Дүйсенов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

– Айта кету керек, биыл «Бұйратау» Ұлттық паркі Ерейментау филиалының аумағындағы ірі орман өрттерінің нәтижесінде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік түрлеріне жататын 675 дана қара қандыағаш жойылды. Шығыны 1 миллиард теңгеден асты. Одан бөлек, заңсыз орман отау деректері де жиілеп кетті. Жыл басынан бері осындай 50 дерек тіркеліп, 44 адам жауапкершілікке тартылды.