Омикрон штамы Қазақстанға жетуі мүмкін бе?

Қазақстанда коронавирустың омикрон деп аталатын жаңа штамының пайда болу қаупі бар.

Бұл туралы Алматы қаласы бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді.

Маманның айтуынша, бұрын анықталған барлық COVID-19 қоздырғыштары адамнан адамға ауа тамшылары арқылы тарады. Ал соңғы кездері әлем елдері арасында әуе қатынасы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Бұл инфекцияның біздің елге келуіне жанама себеп болуы мүмкін. 24 қарашада Африканың оңтүстігінде – Оңтүстік Африка мен Ботсванада жаңа коронавирус мутагені анықталды.

Сарапшылардың пайымдауынша, бұл COVID-19-дың кез келген басқа штамдарынан, тіпті дельта штамынан да қауіпті болуы мүмкін. Жаңа қоздырғышта 32 мутация бар, олардың кейбіреулері штамның жоғары таралу қабілетін және вакциналарға төзімділігін көрсетеді. 26 қарашада Израильде Африканың Малави елінен оралған адамда алғаш рет коронавирустың омикрон атты жаңа штамы табылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа штамын зерттеуге бірнеше апта қажет екенін айтты. Бірақ қазірдің өзінде сарапшылар омикрон вакциналарға төзімді және тезірек таралуы мүмкін деп болжап отыр.

Сәдуақас Байғабылов, Алматы қ. Бас санитарлық дәрігердің орынбасары:

- COVID-19-дың штамдары негізінен ауа арқылы таралатынын ескерсек, жаңа штамдары басқа елдерге сөзсіз таралады. Демек, қауіп бар. Сонымен бірге жаңа штамдарды вакцина алмаған адамдар жұқтыруда. Сондықтан аурудың алдын алудың басты жолы коронавирус инфекциясына қарсы екпе алу. Алматы қаласында коронавирус инфекциясын жұқтыру күн сайын төмендеуде. Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Сондықтан қазіргі уақытта Алматы қаласында омикрон штамының белгілері байқалмайды.