ҚР ҰҚК құпия операциялары туралы екі кітапты таныстырды

Құпия операциялар қағазға басылып, қалың оқырманға жол тартты. Ел Тәуелсіздігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығы қарсаңында екі кітаптың тұсауы кесілді.

Оның бірі «Отандық арнаулы қызметтің хроникаларын жинақтаса, екіншісі Мемлекеттік шекарада болған оқиғаларды баяндайды. Туынды тәуелсіз Қазақстан тарихында болған құпия операциялар мен оған қатысқан азаматтардың ерлігіне негізделген. Яғни тарихи құжаттармен, фотосуреттермен көркемделген.

Айта кету керек, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің құпия операциялары егжей-тегжей жазылған бұл алғашқы кітап. Оның тұсаукесері елордада және республиканың бірнеше өңірінде өтті. Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайына туындыға арқау болған кейіпкерлер мен осы саланың ардагерлері қатысты. Ерлік көрсеткендердің еңбегі еленіп, қошеметке бөленді.

Кенжеболат Бекназаров, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бұрыннан архивте жатқан операция құжаттарының құпиясын ашып, біздің қоғамға, оқырмандарға жеткізу мақсатымыз. Әрине сіздер білесіз, ҰҚК алдында көп мақсат бар. Елді қорғау, елдің тыныштығын қорғау, қауіпсіздігін қорғау. Міне 30 жылдың арасында көп операция өтті. Бұл кітап жай жазылған жоқ. Мұны еске салған, қызметке қатысқан операцияға солардың айтқан сөздері, солардың еске салған мынау қалай өтті операция әртүрлі. Мен ойлаймын бұл кітап оқырмандарға қызық болады. 

Шығармаға Қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы департаментінің қызметкерлері қатысқан арнайы операция жайлы да жазылған. Сондай-ақ шекарадан заңсыз өтіп, есірткі тасымалдайтындарды тұтқындау, қаскөйдің қолынан кепілге алынған адамдарды құтқару сынды қауіпті операциялардың қалай орындалғанын оқуға болады. Туынды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде баспадан шықты. Жалпы тиражы 8 мың дана.

Айта кетейік, ел үшін аянбаған жауынгерлердің ерлік істері жайында «Хабар» Агенттігі екі деректі фильм түсірді. «Цена покоя» атты алғашқы туынды ертең сағат 20:30-да «Хабар» арнасында көрсетіледі. Ал 1 желтоқсан күні дәл сол уақытта «Мемлекеттік шекара» фильмін жіберіп алмаңыздар. 

Бақытжан Қабиев, ҚР ҰҚК Павлодар облысы бойынша департамент бастығының орынбасары: 

- Бұл кітапта жедел қызметкерлер денсаулығы мен өмірлеріне қауіп төндіретін жедел жұмыстарының нәтижесі туралы айтылады. Кітаптарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы Департаментінің қызметкерлерінің іске асырылған операциялар жазылғанын мақтаныш етеміз. Бүгінгі күннен бастап осы кітаптар барлық қалалардағы «Меломан» кітап дүкендерінде сатылымы басталады және версияны кітап.кз интернет платформасынан оқуға болады.