Шымкентте Тұңғыш Президент күні атап өтілді

Шымкентте Тұңғыш Президент күні аталып өтті. Салтанатты шарада қаланың дамуы жолында айрықша еңбегімен көзге түскен түрлі саланың майталмандары марапатталды.

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге жасаған ресми сапарындағы нақты шешімдері сөз болды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Тұңғыш Президент күнін ауқымды етіп тойлау үшін шымкенттіктер Түркістан сарайына жиналды. Шарада мегаполис мәртебесін иемденгеннен кейінгі қаланың даму қарқыны сөз болды. Себебі шаһардың өсіп өркендеуі жолында бұл мәні мен маңызы айрықша шешім еді.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Соңғы жылдары өнеркәсіп өнімі 2 есеге артып, 700 млрд теңгеге жетті. Инвестиция 1,3 трлн теңгеге өсті. Биылғы жылы алғаш рет 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынуда. Қала бюджеті 4 есеге өсіп, 495 млрд теңгеге жетті.

Осы жетістікке жету жолында қарапайым еңбек адамының үлесі айрықша. Сондықтан түрлі саланың үздіктері арнайы алғысқа бөленді. Дәрігерлер мен ұстаздар, құтқарушылар мен полицейлер, сондай-ақ көше сыпырып, тазалыққа үн қосқан қызметкер де марапат алып марқайды.

Нұртілеу Жанәлиев, аула сыпырушы:

- Марапатты бірінші рет алып тұрмын. 10 жылдан бері марапат алмағанмын. Бірінші рет әкімнен алып отырмын ғой. Шымкент қаламыз көркейе берсін. 

Сонымен қатар көрермен назарына «Елбасы жолы» фильмінен үзінді көрсетілді. Ел астанасының ауысуы мен болашаққа бағытталған маңызды шешімдері айтылды. 

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Елбасы бүгінгі күннің мәселесімен қоса болашақтың мәселесін де ойлады. Соның бірі «Болашақ» бағдарламасын іске асырып, осы уақытта 10 мыңнан аса жас шетелге барып, білім алып, тәжірибе жинап қайтты. Соның бірі өзім.

«Ел тірегі - Елбасы» атты мерекелік шара сахналық қойылымға ұласты. Бұл көріністе Тұңғыш Президенттің ұтқыр шешімдері мен ұлағатты сөздері ата мен бала диалогы түрінде сахналанды.  

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов