Атырауда интернетке зәру ауылдар бар

Мұнайлы өлкедегі бұл мәселе көптен бері көтеріліп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асан ауылының оқушыларының сабаққа дайындығы қиын. Өйткені интернет нашар. Жылдамдығы мардымсыз болғандықтан желіге кезекпен кіріп, керегін іздейді. Әсіресе осы Атырау облысындағы шалғайдағы қыстақтардың тұрғындарына қиын. Бірақ жергілікті биліктің тығырықтан шығамыз деген үміті бар. Жаңа жоба бойынша Асан ауылына көршілес Батыс Қазақстан облысынан кең жолақты жаңа желісі тартылады.

Асан ауылындағы 120 балаға арналған орта мектепте 90-ға тарта бала білім алып жатыр. Алайда өркениеттен тыс қалған жастардың ауылға тұрақтауы қиын. Оқушылар 9 сыныпты бітірісімен облыс орталығына кетіп қалады екен. Себебі бүгінгінің жасын өркениеттен шет ұстау әсте мүмкін емес.

Райхан Тұрақбаева, мектеп оқушысы:

– Интернет сын көтермейді. Ол бізге сабақ оқуға, білім алуға, біліктілігімізді жетілдіруге міндетті түрде қажет.Өзге құрбыларымыз секілді біз де терең білім алғымыз келеді. Сол үшін де бізге инернет қажет.

Құрманғазы ауданына қарасты Асан ауылдық округінің құрамына 3 ауыл кіреді. Жергілікті әкімдіктен бастап, пошта, фельдшерлік бөлімше мен мектеп үшін жоғарғы жылдамдықты интернет желісінің маңызы ерекше. Осыны ескерген жергілікті билік 2019 жылы көршілес Батыс Қазақстан облысынан кең жолақты иентернет желісін тартуды бастаған еді. Әзірге ол екі округті ғана қамтып тұр.

Наурызбай Бисенғалиев, Құрманғазы ауданы әкімінің кеңесшісі:

– «Азғыр», «Сүйіндік» округтерінде интернет жылдамдығы жақсы. 20 мегабитке дейін беріп тұр. Енді бізге проблема болып тұрған осы Асан ауылы еді. Оның шешу жолы биіктігі 50 метрден жоғары мұнара орнату керек. Оның жері шешіліп, алынып тұр. Облысқа қаржысы жөнінде сұраныс берілді. Мұнара қондырылған жағдайда бұл ауылда да интернет жылдамдығы жоғарылайды.

Кең жолақты интернет желісі келсе, бүгінде уақытша жабылып тұрған пошта жұмысы да жанданады. Ол ауылдағы 100-ге тарта зейнеткерге қуаныш болмақ. Сондай-ақ таяуда пайдалануға берілетін ауылдық фельдшерлік бөлімшенің де жұмысы жеңілдейді. Бастысы алыс малшы қыстақтарымен байланыс нығайып, ауылдықтар көлік сабылтып балшық кешуден де құтылары еді.  Бұл аудан орталығынан 300, Атырау қаласынан 600 шақырым шалғайда жатқан ауылдар үшін аса өзекті мәселе.

Авторолары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов