Ел азаматтарына Египетке саяхаттаудан бас тартуға тура келеді

Желтоқсанның 3-нен бастап бірқатар Африка мемлекеті мен Гонконг азаматтары үшін Қазақстан шекарасы жабылады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сондай-ақ кей елдердің жолаушылары үшін Қазақстанға сапар шегуге шектеу қойылады.  Бұл елдердің тізімінде Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия және басқалары бар. Осы елдерден ұшып келген азаматтар теріс нәтижелі ПТР тестін көрсетіп қана қоймай жеті күндік карантинге алынады. Омикрон штамының алдын алу үшін Египеттен келетін әуе рейстері уақытша тоқтатылады.

Марат Шоранов, ҚР денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:

– Бұл бағыттағы тур жолдама алатындардың қатары қалың екенін жақсы білеміз. Қараша айында ғана екі арада 13 мың жолаушы сапарлаған. Сәйкесінше, инфекцияны әкелу қаупі жоғары. Вирус әлемнің бір түпкірінен екіншісіне 24 сағаттың ішінде таралады. Сол себепті шұғыл шара қолдану қажет. 

Қазір Египетте 4 мыңға жуық қазақстандық жүр. Барлығы да AirAstana әуе компаниясының репатриациялық рейсімен елге қайтарылады. Оны 23 рейс жүзеге асырады. Ал Египетке жаңа жылдық тур сатып алғандардың демалыс бағытын өзгертуге мүмкіндігі бар. Жол қаржысын әуе рейсі ашылғанға дейін сақтай алады немесе қаржысын 3 айдың ішінде толық қайтарады. Үкімет құзырлы ведомствоның шектеу енгізу туралы ұсынысын қабыл алды.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

– Басқа елдерде коронавирустың «Омикрон» деген жаңа штамы пайда болғанын ескере отырып мемлекеттік шекараны бақылауды күшейту туралы  денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысын қолдаймын. Ел ішінде де эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда болуы қажет.  Ғимараттар мен көліктерде маска тағып, әлеуметтік арақашықтық сақталсын. Халықты вакциналау және ревакциналаумен тиісінше қамтамасыз ету қажет.