Алматыда әлеуметтік сауда нүктелері ашылды

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 35% дейін төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осы мақсатқа жету үшін жергілікті билік мегаполистің сауда орталықтары мен базарларында әлеуметтік сауда нүктелерін ашты. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген қарыздар беру арқылы бағаны тұрақтандырамыз, - дейді қала әкімінің орынбасары Мақсат Қикымов.

Жаңа жыл қарсаңында қалада азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттап кететіні белгілі. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін Алматы қаласының әкімдігі белсенді жұмыс жүргізуде. Қаладағы ірі сауда орталықтары ғана емес жергілікті халық көптеп баратын арнайы базарларда әлеуметтік сауда нүктелері ашылып, әкімшілік кәсіпкерлермен ұзақ мерзімді келісім-шартқа отырды.

Еркебұлан Оразалин, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:

– Биыл біз алдын ала 22 мың тоннаға тапсырыс берген болатынбыз. Негізгі біздің сауда орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Бірінші кезекте «Магнум». Одан кейін қосымша тағы күзгі кезде осы көкіністер қымбаттаған сайын біз Павлодарға барып қосымша тағы да 6 мың тоннаны келісімшартқа отырғанбыз.

Азық-түлік бағасының төмендеуінен кәсіпкерлер ешқандай зардап шекпейді. Ол үшін арнайы «айналым сызбасы» жасалған. Яғни, кәсіпкер жеңілдетілген несие алып әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті белгіленген бағамен ғана сатады. Содан кейін бөлінген ақша қала бюджетіне қайтарылады. Нәтижесінде 60 мың тонна азық-түлік бағасы тұрақты тұр. Бұл қала бойынша бағаны 35 процентке төмендетуге мүмкіндік берді.

Айман Қалиева, қала тұрғыны:

Біздің осы базар Орбитада осындай ет сататын әлеуметтік дүкеніміз ашылды. Өте керемет. Қолжетімді.Фарштары да жақсы. Өзім осы жерден үнемі алып тұрамын.

Әлеуметтік сауда нүктелерінде сиырдың жауырын, төс етінің бағасы 2050 теңгеден аспайды. Ал картоптың бағасы 102 мен 120 теңгенің арасында. Егер саудагерлер бағаны негізсіз көтеретін болса, жауапкершілікке тартылады.

Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев