Елордада "Үздік жас отбасы" байқауы мәресіне жетті

Бүгін елордалық жас отбасылар қала әкімдігі ұйымдастырған байқауда бақ сынасты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Алдын ала 3 онлайн кезеңнен өткендер түрлі сайысқа қатысып, өз талантын дүйім жұртқа паш етті. Шаһардың жастар саясаты жөніндегі басқармасы отбасы институтын нығайту мақсатында жыл сайын осындай шара ұйымдастырады.

Нұржан Әуезов жұбайы Айгүлмен бірге бұл байқауға екінші рет қатысып отыр. Былтыр іріктеу кезеңінен өте алмаған отбасының бағы биыл жанды. Олар алдын ала шығармашылық нөмірін де әзірлеген.

Нұржан Әуезов, байқауға қатысушы:

– Жарым екеуіміз осындай конкурстарға қатысуды ұнатамыз. Өйткені әр күнде отбасымен бірге уақыт өткізуге уақыт болмайды. Үй жұмыс. Ал осындай конкурстарға қатысу үшін, видео, фото түсіру керек. Сол кезде отбасымызбен бірге арнайы шығып, уақыт арнап, қыдырып қайтамыз.

Биыл бұл байқауға қатысуға 100-ге жуық өтініш түсті. Ақтық сынға 10 отбасы жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жас отбасылардың нығаюына зор үлес қосады.

Ақнұр Арыстанбекова, қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы:

– Жас отбасылардың арасында ынтымақты біріктіру, олардың таланттарын ашу, балаларына деген дұрыс үлгі беру насихаттау, отбасы мен неке институтын нығайту болып табылады басты мақсаты. Үздік отбасы биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында және Тұңғыш Президент күніне арналып отыр.

Бүгінгі сайысқа қатысқан бірде-бір отбасы сыйлықсыз қайтқан жоқ. Жеңіске жеткендерге сомасы 250-500 мың теңге аралығындағы сертификаттар табысталды. Қалған қатысушыларға 100 мың теңгенің сыйлығы бұйырды.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ырыстанбек Оспанов

Сондай-ақ...