Талдықорғанда "Көшбасшы-2021" Жастар сыйлығының жеңімпазы анықталды 

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Алматы облысында "Көшбасшы – 2021" жастар сыйлығының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Өңірлік деңгейдегі қоғамдық маңызы зор іс-шара биыл 19-шы рет ұйымдастырылды. Өз саласында көшбасшы атанған жастарға салтанатты түрде жүлде тапсыру рәсіміне ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері қатысып, жеңімпаздарға сәттілік тіледі.

Текелі қалалық патрульдік полиция тобының инспекторы Бауыржан Қабидолланов бүгінгінің батыры. Ол осы жылдың 16 мамырында өзі тұратын қаладағы өртеніп жатқан пәтердің ішінен 65 жастағы қарияны аман алып шыққан. Осы ерлігі үшін Бауыржан "Көшбасшы – 2021" жастар сыйлығының "Үздік жас батыр" номинациясы бойынша жеңімпазы атанды.

Бауыржан Қабидолланов, "Көшбасшы-2021" жастар сыйлығының иегері:

– Ойламаған жерден "Көшбасшы – 2021", "Үздік жас батыр" номинациясы маған бұйырыпты. Менің ол ерлігім, міндетім, абыройым. Жұмысқа өзім орналасқанда ант бергем халыққа адал қызмет етуге.

Халыққа адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен бүгінгі заманның Бауыржандай ерлері қандай марапатқа да лайықты. Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен бүгінгі шара барысында Жетісу жерінде белсенді еңбек етіп жүрген осындай 20 жас жеңімпаз атанды. Сала көшбасшылары "Үздік жас мемлекеттік қызметші", "Үздік жас спортшы", "Үздік жас саясаткер", "Үздік жас журналист" және "Үздік жас отбасы" сияқты аталымдар бойынша марапатталды.

Болат Тілепов, ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Шын мәнінде жастарды ынталандыратын, жастардың жалпы талабын ашатын осындай шаралардың болуы шарт әрбір өңір үшін. Әрине, барлық өңірде бірдей осындай деңгейдегі, осындай мөлшердегі шаралар бар деп айта алмаймыз. СКЛ. Бірден айту керек – жастарды қолдау, жастарды көтермелеу, жастарды ынталандыру, олардың дамуына жағдай жасау, бұл кез келген ертеңін, болашағын ойлаған мемлекеттің ең бірінші міндеті.

Алматы облысында тұрақты өткізіліп келе жатқан "Көшбасшы – 2021" байқауы республикалық деңгейдегі "Дарын", Дінмұхамед Қонаев, Мұхтар Әуезов атындағы жастар сыйлығына пара-пар дүние. Жастарды ынталандырып, талабын ұштай түсетін осындай игі бастама еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапса құба-құп...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Айгүл Сергейқызы