Алматыда Edcrunch Glocal халықаралық конференциясы өтеді     

Қазақстанда 7-8 желтоқсанда алғаш рет білім берудегі жаңа технологиялар бойынша жаһандық конференция EdCrunch Glocal өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

400-ден астам халықаралық сарапшы шеберлік дәрістерін өткізіп, цифрлық білім беру тәжірибесімен бөліседі. Жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматы әкімдігі мен Назарбаев зияткерлік мектептері тарапынан ұйымдастырылып отыр.

Конференция ерте балалық шақтан корпоративті оқыту және EdTech саласына дейін қамтиды. Мәскеу, Тель-Авив пен Сингапурдан сарапшылар онлайн қосылып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Мысалы, Google кеңесшісі Эстер Войджицки баланы жетістікке қалай жетелеуге болатыны туралы, әйгілі нейробиолог Венди Сузики жағымсыз эмоциялардың күшті жақтарын қолдану туралы, Тони Вагнер инноваторларды тәрбиелеудегі Финляндия феномені жайлы кеңес береді.

Нұрлан Қиясов, Edcrunch халықаралық конференциясының бағдарламалық директоры:

– Алматыда бірінші рет. Неге десеңіз, Алматы бұл үлкен, студенттер қаласы, білім ордасы. Сондықтанда Алматының деңгейін, мәртебесін одан әрі өсіру үшін, осындай үлкен конференциямызды жоспарлап отырмыз.

Халықаралық конференция онлайн және офлайн форматта жоспарлануда. Ұйымдастырушылар биыл EdCrunch Glocal конференциясына 20 мыңнан астам адам қатысады деп болжап отыр.

Нұрлан Қиясов, Edcrunch халықаралық конференциясының бағдарламалық директоры:

– Білім саласында, дүниежүзінде жүрген көшбасшыларды бастарын жиып үлкен дағдыларды, тұрған суалдарды білім жүйесінің алдындағы соның бәрін зерттеп, талқылап қарастырамыз. Цифрлық құралдарын қалай қолдану керек екенін, олардың зиянын, олардың мүмкіндіктерін түсіну үшін біздің мұғалімдерге, біздің білім саласында жүрген саясаткерлерге өте пайдалы.

Арнайы edcrunch.online платформасында конференцияға тіркеле аласыздар. Көрем деушілерге мархабат.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов