Қарағанды облысында тұрғын үйлер газға қосылды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Теміртау мен Қарағанды қалаларында алғашқы 5 үйге табиғи газ берілді. Бұл тек бастамасы ғана, игі жоба 2036 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Айталық, қазір облыста 2472 үй көгілдір отынға қосылуға дайын.

Қарағанды мен Теміртау қаласының тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Газдандыру жобасының алғашқы кезеңі бойынша 129 шақырым құбыр тартылған. Енді тек тұрғындарға қосылу керек.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Жалпы, екі жылдың ішінде біз 4000-4500 үйге газды апаратын боламыз. Осы жылдың соңына дейін 2500 үйге береміз. Басқару пульті. Мысалы, 25 градусты қою керек болса, 25 градусты қойып қоямыз да, ылғи да үйде сол градусты ұстап тұрады.

Табиғи газға алғашқы болып қосылғандардың бірі - Бейбіт Елубаев. Зәулім үйін жылыту үшін жылына 7-8 тонна көмір жағып келген. Енді ол бейнеттен құтылатын болдық, - дейді.

Бейбіт Елубайұлы, қала тұрғыны:

Қаламыздың ауасы тазарады. Әйтпесе, көмірді тек қана тұтынған емес, одан қаншама шаң-топырақ шығады. Біздің қарымыз өзі кішкене жауған соң, қап-қара болып көмірден былғанады ғой. Енді оның бәрі азаятын шығар. Елдер енді тек осыны түсініп, біртіндеп қоса бастаса, өте жақсы болар еді.

Қазір газ құбыры әр үйдің іргесіне дейін жеткізілген. Оны ішке тарту үшін шамамен 600-800 мың теңге шамасында ақша керек. Бірақ тұрғындар үшін жеңілдіктер қарастырылған, ол соманы бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр.

Талғат Қызылбаев, "Қазтрансгаз Аймақ" АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры:

Банктермен бірлесіп оны қарастырып жатырмыз. Айта кететін жайт, жалпы бұл жоба бойынша есептегіштер тегін таратылады. Адамдар техникалық шарт алғаннан кейін жергілікті атқарушы органға барып, тегін счетчик алуға болады.

Бүгінгі күні облыстағы ортақ тариф әр текше метріне 40 теңге 94 тиын болып бекітілген. Жыл соңына дейін облыста газ тұтыну көлемі 80 мың текше метрге жетеді деген жоспар бар. Айта кету керек, 2035 жылға дейін облыстағы 145 елді мекенінде тұратын 1 миллион 200 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен толық қамтылмақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев