loader


Қазақстанда кеңінен қолданылған вакцинаның екі түрін көптеген ел мойындамай отыр

8 миллионнан астам қазақстандық вакциналаудан толық өтті. Дені ресейлік Sputnik V мен отандық QazVac салдырған. Бірақ екеуі де дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында әлі тіркелмеген. Сол себепті қазақстандық вакциналау паспорты барлық жерге бірдей жарай бермейді.

Әлемнің көптеген елінде екпе құжаты ресми түрде мойындалмаған. Pfizer екпесімен қайта вакциналаудан өтіп, бұл кедергіден өтуге болар еді. Бірақ дәл қазір оны ақылы түрде салдыру мүмкін болмай тұр. Енді не істеу керек? 

Өкінішітісі сол, Қазақстанда кеңінен қолданылатын екі вакцинаны жаһанның біраз елдері мойындамай тұр. Дені дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен өткен Еуропа немесе Американың екпесін салдырғанды жөн көреді. Ал Ресейдің «Спутник V» мен отандық «QazVac» бұл тізімде жоқ. Сондықтан қазақстандықтар тығырықтан шығудың жолын іздеп әлек.

Мәриям Болатова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Биыл мен Америкадағы тілді оқыту курсына түскен едім. Бірақ күтпеген жерден кедергіге тап болдым. Осы көктемде Спутник V вакцинасын салдырған едім. Өкінішке орай, қазір АҚШ, Еуропа елдерінде қазақстандық вакциналау құжаты жарамсыз деп танылған. Енді ревакциналаудан өту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған Pfizer-ді салдырсам ба деймін. 

Мәриям сияқты Pfizer сынды вакцинаны ақылы түрде салдырғысы келетіндердің саны жетерлік. Арнамыздың жүргізген сауалнама кезінде 12 мың адамның 10 процентінен астамы ревакциналаудан өтуге әзір екенін білдірген. Кейбірі шетелге шығу үшін осылай жасағысы келетіндер де бар. Алайда құзырлы ведомство бұл жердегі гәп екпеде емес, вакциналау паспортында екенін айтады.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

– Жалпы көптеген азаматымыз «ана вакцинаны салсаң, қабылдамайды екен» деген қауесеттердің жүріп жатқанынан хабардармыз. Ол теріс әңгіме. Ең бастысы, бұл вакцинациялау паспортын мойындау. Екі мемлекет бір-бірімен, паспортты кәдімгі құжатты мойындайды. Ол құжаттың жаңағы қай мемлекетке қалай болады. Қандай ультрафиолет жолақтары бар. Қандай штрихкодтары бар, соларды мойындау ғана тек. Ол қандай вакцина салғанына қарамайды. Ол паспорттың өзі. 

Десе де, паспортты емес, өзі бекіткен вакциналарға қарайтын бір мемлекет бар. Ол АҚШ. Жуырда ғана үкімет Pfizer компаниясының "Комирнати" екпесінің 2 млн дозасын алдырған еді. Алайда вакцина ақылы түрде салдырғысы келетіндердің қолына оңайлықпен тиетін емес. Әзірге балалар мен жүкті және емізіктегі баласы бар аналар ғана салдыра алады. Бұның өзі аталған санаттағы азаматтар шетел асып жүре алады дегенді білдірмейді.

Сәкен Мелдебаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілі:

-  Шетелге шығу мәселесіне келсек, сапар шегудің өз реті бар. Ең алдымен, межелі елдің ережесімен алдын ала танысып алған абзал. 

Бүгінде отандық вакциналау паспорты әлемнің 20 елінде жарамды. Мәселен, қазақстандықтар мұхит асып Аргентинаға бара алады. Таяуда бұл тізімге Канада ілігуі мүмкін. Бірақ іргелес Ресей еліне сапар шегу қазір қиынға соғып тұр.  

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

- Бүгінгі күні көптеген сұрақтар туындайды. Неге бізде Ресеймен әлі күнге шейін бұл процесс жоқ деп. Ресей Федерациясы бүгінгі күні ешқандай мемлекетпен паспорт вакцинацияны мойындау жұмыстарын жүргізбеген. РФ мынау «Путешествуй без ковид» деген қосымша арқылы ғана өз мемлекетіне кіргізе алатынын барлық дүние жүзіне хабарлаған. Яғни Ресейге баратын азаматтардың бәрі ПТР тест нәтижесімен бару керек үш тәуліктен аспаған.  

Бүгінде бұл түйткілді шешу мақсатында Еуразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде Қазақстан Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр. Дегенмен омикрон штамының таралуына байланысты әлемнің бірқатар елдері ә дегеннен шектеу шараларын енгізді. Шекаралар жабылып, Қара Құрлықпен арадағы әуе қатынасы тоқтатылды. Бұл жағдай алыс-жақын мемлекеттерге сапар шегу процесіне өзгеріс енгізетіні сөзсіз. 

Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров

Сондай-ақ...