Аралдың ұлтанындағы 1 млн гектардан астам жерге сексеуіл егіледі

Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егіледі. Оның басым бөлігіне тұқым әуе көліктері арқылы себілмек. Бұл әдіс Қазақстанда алғаш қолданылып отыр. Жалпы алдағы 5 жылда кенезесі кепкен айдынның құм мен тұз көтерілген табанына Президент тапсырмасы бойынша 1 миллион 100 мың гектарға сексеуіл егу жоспарланған. Бұл жұмыстар қалай жүзеге асады?

Арал ұлтанындағы 100 мың гектар жерге сексеуіл егу үшін 323 тонна тұқым қажет. Оның 155 тоннасын қызылордалық орманшылар дайындап жатыр. Қалғаны Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан жиналуда.

Исатай Әбдіразақов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Сексеуіл тұқымының салынуы өте жақсы, сапасы да өте жақсы, алдын ала болжам бойынша бірінші және екінші класс беріп жатыр, кейбір аумақтарда.

Бүгінде қажетті тұқымның 130 тоннасы қоймада тұр. Сонымен қатар жер дайындау жұмыстары да қарқын алып отыр.

Айбек Жолақанов, ҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Соңғы зерттеулер нәтижесінде 57 мың 786 гектар жердің топырағы дайындалады деп жоспарланған. Қазіргі таңда ол жерде Қазалы орман мекемесінің 4 тракторы жұмыс істеп жатыр.

Ал 2022 жылдан бастап әр жыл сайын 250 мың гектар теңіз ұлтанына сексеуіл егілетін болады. Осылайша межелі көлем 2025 жылы еңсерілуі тиіс. Әлемдік проблемаға айналған Арал теңізі маңын ормандандыруға шетелдік ұйымдар да атсалыспақ. 

Дәмегүл Бердешова, облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:

- 500 мың гектар жерді картаға түсіру, Арал теңізінің құрғаған ұлтанынан. Қазалы орман мемлекеттік мекемесінің базасынан 32 гектар жерге сексеуіл тұқымбағын ұйымдастыру. Қызылорда қаласының айналасына 3 мың гектар жерге жасыл аймақ құру және тікелей Арал теңізінің ұлтанында жұмысты жүргізіп отырған мекеменің метериалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында шетелдік компаниялардың гранттарын тарту, донорлық қаржыларды тарту бойынша тиісті келіссөздер жүргізіп, жұмыстар жүргізілуде. 

Мамандардың айтуынша, теңіздің құрғаған ұлтанын жасыл желекке айналдыру жұмыстары 2000 жылдан басталған. Содан бері құм көшіп жатқан 195 мың гектар алқапқа сексеуіл егілген. Оның көлемі табиғи жетілудің арқасында бүгінде 395 мың гектарға жеткен.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов