Қызылордада қос бірдей ауыл көгілдір отынға қосылды

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Тұран және Керделі ауылдық округтерінің әрқайсысына 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, газ құбыры тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазір қос елді мекеннің мыңға тарта түтіні газ тарату бекетіне қосылып, игілігін көріп отыр. Жыл сайын 10 тонна көмір мен сексеуіл, жыңғыл жағып, ызғарлы қыстан әупірімдеп шығатын Әлімбаевтар отбасы қазір ол бейнеттен құтылғанына қуанышты. «Газ келіп, үй жылыды. Енді кәсіпкерлік жандана түсетін болды» - дейді ауылдықтар. 

Дүйсенбек Әлімбаев, Шеген Қодаманов ауылының тұрғыны:

– Мың да бір, тәуба! Газ кіріп, әзір көмір түсірген жоқпыз. Енді ұзағынан сүйіндірсін деп отырмыз. Бүкіл ауыл газданып жатыр. Ауыл жылдан жылға көркейіп келе жатыр. Жолдардың бәрін асфальттап, тротуар салынып жатыр. Ауылдан спорт мектебі салынып, жастар айналысып жатыр. Жалпы ауылдың жағдайы жақсы қазір. 

Қазіргі таңда Ақмая, Алғабас, Жуантөбе ауылдық округтерін газдандырудың жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Келесі жылы тағы 5 елдімекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр екен.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев