Маңғыстаулық жеткіншек Елбасы есімін иеленгенін мақтаныш етеді

Елімізде оқу орындары, саябақтар мен әуежай, көшелер, тіпті бас қаламыз да Тұңғыш Президент атымен аталады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал баласының есім сойын елбасымен байланыстырған әулет тіпті көп. Маңғыстаудың өзінде 11 адам тұрады. Соның бірі – 5 сынып оқушысы Нұрсұлтан Назарбаев.

5 сынып оқушылары үшін айрықша күн. Тұңғыш Президент күніне орай ашық сабақ өтуде. Әрқайсысы Елбасына арналған өлеңдерін оқып, арнайы бейнероликті тамашалады. Әсіресе, бұл күн – Нұрсұлтан Назарбаев үшін маңызды. Сарабдал саясаткердің есімін иеленген ол, сыныптастарының ылғи да назарында.

Ал сыныптастары Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқитындарын мақтан тұтады.

Назерке Обид, Н.Назарбаевтың сыныптасы:

– 4 сыныпқа келгенде оның аты мен фамилясын естіген кезде қатты таңғалдым. Тіпті үйдегілерге айтып бардық. Елбасының балалық шағы есімізге түсті. Ол  математиканы жақсы оқиды.

Әжесі мен атасының тұңғыш немересі 2010 жылы дүниеге келген. Үйдің үлкендері ел дамуына тірек болсын деген ниетпен есімін Нұрсұлтан қойыпты. Бүгінде 11 жастағы жеткіншектің алға қойған арманы асқақ.

Еркінай Есендікова, Н.Назарбаевтың анасы:

– Атасы ниеттеп, ел сүйген, елін сүйген азамат болсын деп, елге танымал болсын деп қойды. Ұлым елбасының өмірін, фильмдерін қарайды, кітаптарын оқиды. Өзіне мотивация алады.

Нұрсұлтан Назарбаев, оқушы:

Болашақта елбасы сияқты танымал болғым келеді. Президент болғым келеді. Қазақстанды басқарғым келеді.

Нұрсұлтан бос уақытында ән айтып, домбыра тартады. Өлең шығарады. Абайдың тақпақтарын жаттап, жарыстарға қатысады. Ұстаздары зейінді шәкіртінің болашағынан зор үміт күтеді.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев