Алматының шеткі аудандары су мен жарықтан тапшылық көрмейді    

Алматыға кейіннен қосылған шағын аудандардың инфрақұрылымына қатысты мәселелер толығымен шешіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазір тұрғындарды сумен, электр желісімен, жолмен қамтамасыз ету бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл 120 шақырымға су құбыры және 77 шақырымға кәріз желісі жүргізілді. «Шетсіз қала» бағдарламасы бойынша екі жылда 2 мыңға тарта көшеге жарық тартылды.

Алматы – шетсіз қала. Осы тұжырымдамаға сәйкек, жергілікті билік мегаполистің сыртында орналасқан ықшам аудандарға басымдық беріп отыр. Әсіресе қалаға кейіннен қосылған аумақты таза ауыз сумен қамтамасыз ету өзектілігін жойған емес. Биыл сумен жабдықтауға қатысты 24 шағын ауданда  құрылыс жүрді. 23 мыңнан астам үй қаланың су желісіне қосылды.

Мұхит Әзірбаев, қала әкімінің орынбасары:

– Қазір су мұнарасы мен сүзгі бекетін салып жатырмыз. Осындай ірі жобалардың бірі қазір Қарғалы өзенінде жүргізіліп жатқанын жақсы білесіздер. Келесі жылдың бірінші тоқсанында біз осы үлкен гидротехникалық құрылысты аяқтаймыз. Осының нәтижесінде тәулігіне 15 мың текше метрге жуық таза су тұрақты түрде беріліп тұрады.

Алматыда  көшелерді жарықтандыру бойынша да жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Осы жылы 27 көшенің шамын ауыстыру жоспарланған. Қазір жұмыс аяқталуға таяу. Алдағы екі жылда тағы 33 мыңнан аса LED шам орнатылады.

Мұхит Әзірбаев, қала әкімінің орынбасары:

– Біз ескі трансформаторларды да шетінен ауыстырып жатырмыз. Бұл да біраз уақытты алады. Ескі кабельдердің жарықтың сапасына кері әсер ететіні белгілі. Оны жаңалау жұмыстарын бастап кеттік. Қазір қала «Таза аспан» қағидасын ұстанады. Яғни бұрынғыдай жоғарыға электр желілері тартылмайды. Енді желілер жердің астымен жүгізіледі. 

Электр энергиясына қатысты түйіткілді мәселер де кезең-кезеңімен шешілмек. Мәселен, «Тұздыбастау» қосалқы станциясы келесі жылы Түрксіб ауданының 200 мыңнан астам тұрғынын тұрақты электр жарығымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Жетісу ауданында тағы бір жаңа қосалқы станцияның құрылысын бастау жоспарланып отыр. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон