Атырау облысында жыл басынан бері 86 мыңнан астам тал егілді

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 48 гектар аумаққа тал егілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24» Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бағытында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Өйткені Атырауда тал егу, орман қорын молайту мәселесі  әлі де  өзекті.

«Мемлекет басшысы жолдауында 5 жылда орман қорына 2 млрд-тан, елді мекендерде 15 млн-нан астам ағаш отырғызуды тапсырды. Бұл өңіріміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді. Қазір Атырау облысында мемлекеттік орман қорының көлемі – 56 мың гектар. Оның ішінде 18 мың гектарында орман бар», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Мамандардың айтуынша, орман мекемелерінде тұқымбақтар бар. Онда қарағаш, шаған, үйеңкі, жиде көшеттері жергілікті климатқа бейімделіп өсіріліп жатыр. Былтырдан бері Индер ауданындағы орман шаруашылығының тұқымбағында алғаш рет сексеуіл өсіру тәжірибесі қолға алынған.

Айта кетейік, көгалдандыру жұмыстарына ірі мұнай компанияларын тарту мақсатында меморандумдар жасалған. Онда көгалдандыру жұмыстары 4 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге жоспарланды. Қазір компаниялар бөлінген учаскелерде қоршау жұмыстарын жүргізіп, әр учаскеге тамшылатып суару жүйелерін орнатып жатыр.

Осылайша алдағы 5 жылда 279 гектар аумаққа 540 мың жас көшет егу көзделді. Оның ішінде биыл 48 гектарға 86 320 тал егу жоспары орындалды.

Ал 2025 жылға дейін Атырау облысында 7 млн көшет егіледі деп жоспарланып отыр.