Қызылорда облысында 103 пен 112 нөмірінің біріктірілгеніне дәрігерлер алаңдап отыр

Шақырғаныңыз дәрігер ме, құтқарушы ма? Әлде газ мекемесі, болмаса полиция ма? Қызылорда облысы 103 пен 112 нөмірін, яғни бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет пен жедел медициналық жәрдем станциясына түсетін қоңырауларға бір жерден жауап береді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл кімге тиімді? Бір анығы дәрігерлерде алаңдаушылық басым. Өйткені жаңа әмбебап диспетчерлер шұғыл медициналық көмек сұрап хабарласқан жұртқа толыққанды қызмет көрсете ала ма, жоқ па? Мәселе сол.

103 қызметі мамандарының ең азы 5 жыл, алды 30 жыл еңбек өтілі бар. Олар әр қоңыраудың маңыздылығын саралай алады. Тіпті жедел медициналық көмек жеткенге дейін хәл үстіндегі науқастарға телефон арқылы да кеңес беруге дайын. Алайда 103 қызметі 112-мен біріктірілгелі медициналық білімі жоқ диспетчерлер де шұғыл қоңырауларға жауап беріп отыр дейді жедел жәрдем қызметкерлері.

Нұрсұлу Темірбаева, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының диспетчері:

- Мекенжайы дұрыс болмайды немесе нөмірлері, кейде жас сәйкестігі келмей қалады.

Бибіжамал Құлымбетова, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының диспетчері:

- 30 жыл науқастарға жақын аралық көмек көрсеткенмін. Содан кейін барып осы жедел жәрдемнің оперативтік бөлімінде жұмыс жасап келе жатырмын. Мен 112-ге қарсымын. Себебі олардың ешқандай біз сияқты 4 жыл оқыған, медколледжді бітірген құжаттары жоқ.

Ләззат Медетова, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының аға дәрігері:

– 112-дегі операторлар бұрын зейнеткерлікке шыққан әр саладағы кісілер. Бұрынғы ішкі істер басқармасынан шыққан кісілер отыр және жедел жәрдем жүргізушісі болып қызмет атқарған кісілер отыр.

112 қызметіне қабылданған жаңа мамандардың біліктілігі мен тәжірибесі аздығынан қателік көбейді дейді ақ халаттылар. Ал оның артында адам өмірі тұрғаны айтпай-ақ түсінікті. Осы ретте жедел медициналық жәрдем мамандары 103 қызметін өз алдына бөлек қалдыруды сұрап отыр.

Алмат Құрманғали, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері:

- 102,101, төтенше жағдайлар, коммуналдық, сосын медициналық шақыруларды қосып ұйымдастырып отырған бір сала болу керек еді. Тек өзінің құзырет шеңберінде. Әр саланың ішіне кіріп, оның жұмысына араласып, шақыруларға араласады деген нәрсе айтылмаған. Бұл жүйенің ережесінде де айтылмаған негізі.

Алайда медицина мамандарының бұл уәжімен жедел әрекет ету орталығының директоры келіспейді. Оның айтуынша, бүгінде 112 қызметін атқарып отырған 36 әмбебап диспетчердің 90 пайызының медициналық білімі және денсаулық сақтау саласында орта есеппен 2 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Оңдасын Өтебеков, «Жедел әрекет ету орталығы» КММ директоры:

- Қаңтар айынан бастап бүгін 11 айдың қорытындысы бойынша аса қатты қателіктер бой алдырған жоқ. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің әр диспечерлерге жұмысқа қабылдану біліктілік талабын бекітіп берген. Сонымен біз адамдарды жұмысқа қабылдап жатырмыз. Ол қызметкерлерді біз алдағы уақытта жан-жақты оқытамыз деген жоспарымызда бар.

Өрт сөндіру, полиция, жедел медициналық көмек, авариялық газ қызметі және шұғыл көмекті қажет ететін өзге де жағдайлар туралы хабарлау үшін 2018 жылы Қызылордада 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Оны 2023 жылы ел аумағында кеңінен енгізу жоспарланғанын айтады мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов