ІТ-мамандарға сұраныс жоғары

Қазір бір ғана жүйе инженерлері миллион теңгенің маңайында айлық алады екен, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл да белгіленген норма емес. Маман шаруақор, ақылды болса табысы да көбейе бермек. Жалпы жұмыс берушілер арасында IT саласына деген сұраныс қазір 4-орында тұр. Сонымен күй талғамайтын, мыңның жүгін арқалаған мамандарға қандай адамдар бейім екен?

Пандемия технология нарығындағы шекараларды жойды. Бұрын Қазақстанда жүріп, АҚШ-тағы компанияларға бағдарлама әзірлеу арман болса, қазір біліктілігі жоғары ІТ маман үшін бұл қиын шаруа емес.

Евгений Щербинин, IT-компанияның директоры:

– Егер бұрын кеңсе қажет болса, қазір Қазақстанның ІТ-ресурстары қашықтан жұмыс істеу арқылы Халықаралық ұйымдарға қолжетімді болды. Бізде қазір батыстағы үлкен технологиялық компанияларда да, кішігірім ұйымдарда да жұмыс істеуге мүмкіндік бар. ІТ- мамндардың 30% сыртқы нарыққа жұмыс істейді.

Мұндай мамандарға ішкі нарықта да сұраныс көп. Хедхантердің хабарлауынша, өткен жылмен салыстырғанда бос жұмыс орындар саны 70% өскен. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы да мұны растап отыр.

Әлихан Қарабаев, ҚР ЕХӘҚМ еңбек ресурстарын дамыту орталығының департамент директорының орынбасары:

– Қазір еңбек нарығында ІТ мамандарға арналған мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Бұл бағдарламалау жүйесі, ақпараттық желі мамандары мен жүйелік әкімшілік қызметтер.  

Хедхантердің есебіне сай, ІТ саладағы кіріс биыл 15% өсті. Сарапшылардың айтуынша, қазір жұмысқа алу тәртібі де өзгерген. Компаниялар бағдарлама әзірлеушілердің шарттарына бейімделуге мәжбүр. Жақсы мамандарды жоғары жалақымен қызықтыруға тырысады. Электронды еңбек нарығында ІТ мамандпардың жалақысы 135 мың теңгеден бастап 1 миллионға дейін жетеді. Оның ішінде ақпараттық жүйе аналитиктері мен бағдарламалау инженерлері ең жоғары жалақы алады.

Мұрат Сейсенов, бағдарламалаушы:

– Бағдарламалау құнына келсек, барлығы оның күрделілігіне байланысты. 100 доллардан бастап бірнеше мың долларға дейін жетеді. Бұл визитка түріндегі сайт немесе құрылғыларды басқаруға арналған қарапайым  қосымша болуы мүмкін. 

Қазір ІТ-мамандарға талап жоғары. Бүгінде бұл кәсіп иелері техникалық біліммен шектелмеуі тиіс. Маркетинг, сауда саласын меңгерген жан-жақты азаматтарға сұраныс көп. Нарық талабы сондай. Ал 2030 жылдан кейін еңбек нарығын түбегейлі өзгерістер күтіп тұр дейді сарапшылар. Енді бір он жыл ішінде жаңа қызметкерлер толқыны келеді. Болжам бойынша, бұл цифрлық ортаға туғаннан бейімделген технологиялық қызметкерлер.

Ғазиза Мұхамеджанова, Камилла Тастанбекова, Марат Диханбаев

Сондай-ақ...