Павлодар облысы 70-ке жуық шағын мұз айдынын ашады

Шаңғы жолдары мен балаларға арналған сырғанақтар да көптеп салынады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұқаралық спортты дамытуға мектеп ұжымдары да көптеп көмек береді. Яғни мектеп жанынан шағын корттар жасақталады.

Бұл – облыс орталығындағы ірі мектептердің бірі. Мыңнан астам оқушы білім алады. Араларында аймақ пен еліміздің көк байрағын желбіреткен спортшылар жетерлік. Балаларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында мұғалімдердің бастамасымен шағын мұз айдыны құйылды.

Виктория мен Милана мектеп жанындағы мұздың қатуын көптен күтті. Конькилерін сайлап, осы жерге алғашқылардың бірі болып келді. Енді сабақтан бос уақытта сүйікті істерімен айналысады. Ең бастысы, жағдай жасалған.

Виктория Дворцевая, оқушы:

- Мұғалімдеріміз бізге тамаша сый жасады. Қуанып қалдық. Үйдің жанында біз үшін өте ыңғайлы. Болашақта мәнерлеп сырғанағым келеді. Әзірге құрбыммен коньки теуіп жүрмін.

Милана Черебаева, оқушы:

- Коньки тебу – әдемі спорт түрі. Жаныма өте жақын. Өзімді мұз үстінде ұшып жүргендей сезінемін. Сырғанауды ағам үйретті. Бұған дейін басқа жерлердегі корттарға барып жүрдік, қазір осында келіп жүрміз.

Мұғалімдер қыс мезгілінде оқушылардың бос уақытын тиімді қамтуды көздейді. Бұл мақсатқа спорт арқылы жетуді қалайды. Мұз айдындары, сырқанақтар мен шаңғы жолдарын жасаулары сондықтан.

Қайыржан Молдабеков, мектеп директоры:

- Шағын нысанды жасақтауға көп уақыт кетпейді. Ауа райы қолайлы болса болғаны. Балаларды спортқа бейімдеп, салауатты өмір салтына баулығымыз келеді. Әсіресе, пандемия кезінде оқушылардың денсаулығына алаңдаймыз. Сондықтан осы тектес объектілерді өз күшімізбен жасадық.

Осы тектес коньки тебу орындары Павлодар қаласының барлық мектептерінде бой көтермек. Бас-айғы 42 шағын мұз айдыны салынады. Ал бірнеше күннен кейін шаңғышылар да көптен күткен жаттығуларына шығады. Облыста қысқы спорт маусымы ресми түрде ашылады.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков