Түркітілдес елдер дінбасыларының алқасын құру туралы ұсыныс жасалды

Түркітілдес елдер дін басшыларының Алқасын құру қажет. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Анкарада Түркияның дін басқармасы басшысымен кездесуі барысында осындай ұсыныс жасады.

Сондай-ақ жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркияның Дін істері басқармасы өзара ынтымақтастық туралы Меморандум қабылданды. Тараптар бір-біріне халықаралық деңгейде өзара көмек пен қолдау көрсетуге міндеттеледі. Ынтымақтастық шеңберінде екі елдің болашақ ұрпағына патриотизм мен бейбітшілік құндылықтары насихатталып, исламның рухани баға жетпес мұрасы мен мәдениеті дәріптеледі.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:

- Түркітілдес елдердің мүфтилер алқасын құрып, алғашқы отырысын Түркістан қаласында өткізсек деген ниет білдіргіміз келеді. Және Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі мен Түркия Дін істері басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің тәжірибе алмасуын ұйымдастыру мақсатында Түркияда ғұламалар кеңесінің жиынын ұйымдастырсақ.