Депутат Балқаш көлін келешек үшін сақтап қалуды сұрады

Соңғы 14 жылда Балқаш көліне қатысты бір де бір зерттеу жүргізілмеген. Оған құятын Іле өзені ағынының жылдамдығы секундына 500-ден 306 текше метрге дейін түсіп кетті.

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Балқаш көлінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке сауал жолдады.

Айтуынша, бұл проблема шешімін таппаса, су айдыны мүлдем таяз болып қалады. Көрші мемлекет аумағындағы Іле өзенінің ағынын да назардан тыс қалдырмау қажет. Жақын арада зерттеу жұмыстарын жүргізіп, статистика жасалмаса, келешекте ол үлкен экологиялық апатқа ұласуы мүмкін.

Рысқали Әбдікеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Іле өзенін ұтымды пайдалануға қатысты Келісімді еліміз мүддесіне сай келетіндей етіп одан әрі пысықтауды, Балқаш көлін келешек үшін сақтау бойынша нақтыланған арнайы жоспар әзірлеуді, Іле өзені арқылы көлге құйылатын су мөлшерін арттырып, үнемдеу үшін өзенге салынған гидромелиоративтік жүйелерді қайта жаңартуды сұраймыз.