Египетте демалып жатқан 3 мың қазақстандық турист елге қайтарылады

Ертеңнен бастап Қазақстаннан Мысырға рейстер тоқтатылады. Ал онда демалып жатқан 3 мың турист кезең-кезеңімен елге қайтарылады.

Бұл негізінен туркодтары бар демалушылар. Билет бағасы туроператорлар немесе авиакомпаниялар есебінен төленеді. Бұл туралы «Қамқор» туристік операторлар қорының төрайымы Инна Рей хабарлады. Елге оралған туристер бір апта үй карантинінде болады. Ал Қызыл теңізге жолдама алып қойған туристерге басқа бағыттар ұсынылады немесе ақшасы қайтарылады.

Еске салайық, Мысырда ковидтің жаңа штамының таралуына байланысты Қазақстан бұл елге әуе рейстерін уақытша тоқтатқан. Бұл жаңалық біраз адмның жоспарын бұзды. Өйткен Мысырға 20 мың адам жолдама алып қойған.

Инна Рей, «Туристік қамқор» қорының төрайымы:

- Біз қазір басқа туристік бағыттарда рейстердің жиілігін көбейтуді көздейміз. Денсаулық сақтау министрлігімен бұл мәселені шештік. Енді БАӘ, Шри-Ланка, Тайланд және Мальдив аралдарына рейстер көбейеді. Соның арқасында жақында Мысырға ұшуды жоспарлаған азаматтар демалысын кейінге қалдырмай басқа бағытқа ауыстыра алады. Ал алдын ала жолдама алғандар эпиджағдайға қарай демалыс күндерін ауыстыра алады. Сондай-ақ Мысырға бармаймын деп шешкен туристер өтініш жазып, үш ай ішінде ақшасын қайтара алады.   

Мысырда демалып жатқан қазақстандықтар желтоқсанның үші мен оны аралығында елге қайтарылады. Осы аралықта еліміздегі ірі әуе компаниясы Шарм-эль-Шейхтен Қазақстанға 7 рейс орындауды жоспарлап отыр. 8 желтоқсанға дейін елге 1300 жолаушы жеткізілмек. Ал 3 желтоқсанға және одан кейінгі рейстерге билет сатып алғандар жұмсаған ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.