Жамбыл облысында болған дауылдың шығыны есептелді

Жамбылда болған жойқын дауылдың шығыны есептелді. Табиғи апаттың зардабын жоюға облыс бюджетінен 300 млн теңгеден астам қаржы қаралды.

Бұл ақшаға қатты қираған 121 нысан жөнделеді. Демеушілерден де көмек көп. Жомарт жандар дауылдан бүлінген мыңнан аса нысанды жөндеуге жәрдемдеседі. Жамбылдағы желден жалпы саны 1206 нысан бүлінді, оның басым бөлігі облыс орталығында орналасқан. Өйткені қалада соққан жел секундына 38 метрге жетті. 14 мыңға жуық абонент жарықсыз қалып, бірнеше ауданда жеке тұрғын үй құлап, біраз отбасы баспанасыз қалды. Қазір аймақта қалпына келтіру жұмыстарына 4 мыңнан астам адам мен жүзден аса техника жұмылдырылды.