Тәуелсіздік жылдары Ақтауда тұрғын үй құрылысы қарқындады

Тәуелсіздік алғалы 30 жылда Маңғыстауда 11 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әсіресе құрылыс облыс орталығы Ақтауда қарқынды жүріп жатыр. Жаңа 26 шағын аудан бой көтерді. Жыл сайын әлемнің әр түкпірінен келетін қонақ саны 3 есеге ұлғайған. 

Шевченко. Шөлейтті жерге тұрғызылған алғашқы моноқала. Ленинград қаласының үлгісімен салынған. Ерекшелігі сол – еліміздегі көше атауы жоқ, әрі теңіз жағалауындағы жалғыз шаһар.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау келбеті жыл сайын ажарлана түсуде. 10 жыл бұрын бұл жер тау-тас болатын. Былтыр ғана «Жартасты соқпақ» жобасы жасалып, күндіз-түні туристер мен қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Бұл қаладағы жалғыз өзгерген жер емес.

Ерлан Сәркенов,  қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Бас жоспар бойынша қаламыз солтүстік-батысқа қарай дамып келеді. Аталған бағытта 17 шағын ауданнан тұратын жаңа іскерлік орталығы орналасады. Қазір 70%-і іске асып тұр. Халық саны өскен сайын тұрғын-үй құрылысы көп салынуда. Бұдан бөлек спорттық кешендер, демалыс орталықтары салынып, теңіз жағасы абаттандырылуда. 

Тәуелсіздік алғалы Ақтауда 26 шағын аудан бой көтерген. 11 млн 300 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын-үй пайдалануға беріліп, 600 мыңдай отбасы баспаналы болған. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көргендер көп. 

Көптен күткен баспанасына қол жеткізгеннің бірі Самат Қылышбай. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5%-тік несиелік негізде алған. Осы уақытқа дейін ата-анасымен тұрып, баспана жалдап жүрген.

Самат Қылышбай, қала тұрғыны:

- Бұрын өз атымда үй болмаған, қазір жеке алып қуаныштымын, осы 3 бөлмелі үй алдым. Сапасы жағынан да, баға жағынан да тиімді. 

Айнұр Манкешова МО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м.а.:

- 2020 жылдың қорытындысы бойынша 1,193 шаршы метр бізде пайдалауға берілді. Қазірдің өзінде жеке құрылыс салушылардың қатысуымен 100-ден астам көп пәтерлі тұрғын үй көтерілуде. Қазір құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. Бірақ мердігер құрылыс жоспарланып келе жатыр.

Ақтау Анталияға айналып келеді. 2018 жылы Елбасының тапсырмасынан кейін курорттық нысандар бой көтеріп, «жылы жағажай» жобасы жүзеге асты. Тематикалық саябақ, қонақ үйлері салынуда. Осылайша шаһар Республиканың перспективалы туристік өңірлерінің үздіктер қатарында. Соңғы 16 жылда облысқа 2,5 млн астам турист келген. 

- Қала көркейіп келеді. Әсіресе теңіз жағасы жақсарды. Бұрын дым жоқ еді.

- Жаз сайын басқа қаладағы туыстарым Ақтауға келеді. Шетелден де келіп жатыр. Қаламыз көркейе берсін. 

Ақтау - болашақтың қаласы. Алдағы уақытта тағы 10 шағын аудан бой көтереді деп жоспарланған.

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев