Қармақшы ауданында жастар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына флешмоб өткізді

«Менің туым – менің Қазақстаным!». Осындай атаумен Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауыл жастары флешмоб өткізді. Көк туды желбіреткен 30 автокөліктің шеруі өнерпаздардың шашуымен жалғасты.

Бес ауыл - Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, III интернационал, Ақтөбе, Жаңа жол. Бұл «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолының бойында орналасқан елмен еншілес дамып келе жатқан елді мекендер. Рух көтерер шараға аталған ауылдардың жастары белсенді қатысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап 30 автокөлікпен көк туымызды желбіретіп шықты.

Расила Нұрлыбекқызы, оқушы:

- Біз Тәуелсіз елде туған жастармыз. Бізге бұл Тәуелсіздік қиын жолдармен келді. Кең байтақ жерімізді, ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған жер. Біз осы жерімізді қадірлеп қастерлеуіміз қажет. Бүгінгі рух көтеретін шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Болашақ жастардың қолында. Сол үшін қазіргі жастар, яғни біз жақсы білім алып, елімізді көркейтеміз деген ойдамыз.

Халықаралық автобан үстіндегі көпірде аялдаған флэшмоб қатысушылары ән айтып, би биледі. Мәңгілік елдің символын сипаттап, көпұлтты елдегі бірлік пен берекенің көрінісін паш етті. Олар түрлі білім, өнер, спортттық сайыстарда топ жарып жүрген үздіктер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жастар ауылдан қалаға қарай талпынса, қазір туған жерді түлетуге ниетті азаматтар көбейгені байқалады екен.

Нұржамал Тұрсынбаева, Ақжар ауылдық округінің әкімі:

- 90-жыл мен 2000 жылдың арасында ауылдан урбанизацияға ұшырап, ауылдың халқы күн көріс мақсатында қалаға кетіп отыратын болса, қазіргі уақытта, соңғы 2 жылдың өзінде Ақжар ауылында 9 отбасы қайтадан көшіп келді. Бұл дегеніміз қайтадан ауылға бетбұрыс жасалып жатыр деген көрініс деп білемін. Қазір Ақжар ауылында 95 кәсіпкерлік тіркелетін болса, оның 10-ға жуығы ірі кәсіппен айналысып отыр.

Түрлі мемлекеттік бағадарламалар арқылы ауылды қолдау әлі де жалғасуда. Кезінде азып тозып кеткен елді мекендердің бүгінде тұрмысы түзеліп, ажары ашылды. Бүгінгі жастарға жігер берген шараның басты мақсаты да ел ертеңін құрайтын кіші буынға осынау игіліктерге берік тұғыр болған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезіндіру еді, деді ұйымдастырушылар.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов