434,48 496,10 5,67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Атырау облысының фермерлері шығыны аз, өнімі мол түлік түрлерін көбейтпек

  • 111
  • UPD: 21:59, 02.12.2021
Атырау облысының фермерлері шығыны аз, өнімі мол түлік түрлерін көбейтпек

Атырау облысының фермерлері мал басын асылдандыруға ден қоя бастады. Климаты қатал өңірде құрғақшылық салдарынан мал азығын дайындау қиындап барады. Сол себепті шаруашылықтар шығыны аз, өнімі мол түлік түрлерін көбейтпек. Өткен екі жылда облыстағы 12 құрылым асыл тұқымды мал шаруашылығы статусын алыпты.

Әсіресе қысқа төзімді қазақтың «ақбас» тұқымды сиыры мен жергілікті «еділбай» қойына қызығушылық бар. 

Табын сиыр құмды шағылды бойлап алаңсыз жайылып жүр. Қар түскелі ірі қараға су да керек емес секілді. Бақташылар мотоциклмен барып, бақылап келгені болмаса басқа бейнеттен құтылған.

Манарбек Төлепов, малшы:

- Бұлар сәуір айында бұзаулайтын болғасын қыс бойы даладан шығады. «Ақбастың» бір жақсы қасиеті қысқа төзімді мал. Жем-шөпке де көп ауыртпашылық түсірмейді. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Өрісін тапсаң, мал өсер деген. Бір кезде осы араға әкелінген 200 бас баспақ қашар бүгінде бір табын сиырға айналған. Түгін тартсаң, майы шығатын құмды шағылдың жиегі қашан да, қандай малға болса да жақсы қоныс болғалы тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қақаған қысқа қарамай ірі қара далада жайылып жүр.

«Айбас» құмының қойнауын қоныстанған екі фермада бұрын 50 мыңнан астам қой мен екі табын сиыр еркін қыстап шығады екен. Кейін ол жайылымдар бос қалған. Енді мемлекет қолдауына сүйенген шаруашылықтар қайтадан қырға шығып, ата кәсіпті жандандыруға жұмыстанып жатыр. Себебі «тамыр тартқан тарықпас» деген, елімізде ет-сүтке деген сұраныс жыл санап артып келеді. Осы шаруашылықта 500-ден астам мүйізді ірі қара бағылуда.

Жайлыбек Ғалымжанов, аға бақташы:

- Пайда болады ғой, ет бағытында өсірілген сиыр бірақ оны сатуға ыңғайланып отырған жоқпыз. Қазір тек мал басын көбейтіп жатырмыз. Бұл сиырды 1 мыңға жеткізуге одан да асыруға болады. Жер жақсы.

Шекара бойындағы аймақта 635 шаруа қожалығы болса, оның 18-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Себебі шығыны аз, пайдасы мол. Айталық, мына ет бағытындағы қазақтың «ақбас сиырының тайөгізі орташа 550-600 келі ет береді. Ал еділбай қойының ісектері 50-60 келіні еркін еңсереді екен. Айтқандай, 2017 жылғы мал шаруашылығы жетістіктеріне арналған көрмеде осы өңірдегі «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауытының қошқары 140 тартып, таңқалдырған. Міне, ата кәсіптің пайдасын сезінгендер мал басын жаппай асылдандырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуда. Оларға мемлекет тарапынан да қолдау көп. Өткен он айда осы аудандағы мал тұқымын асылдандырып және түрлендіру жұмыстарын жүргізген шаруашлықтарға 146 млн теңге субсидия төленіпті.

Асқар Мұфтах, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша мал басы былтырғы кезеңмен салыстырғанда қой-ешкі 1,5 жылқы 7, ал сиыр мен түйе 6 процентке өсіп отыр. Үкімет тарапынан беріліп жатқан үлкен көмекке байланысты ш/қ ның ең басты атқарып жатқан жұмысы, осы мал тұқымын асылдандыру жөнінде жұмыстармен айналысуда. 

Бүгінде мұнайлы өңірдегі Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарында мал басы жақсы өсіп келеді. Енді шаруалар малдың санына емес, сапасына көңіл бөле бастаған. Тек өткен екі жылда облыста 12 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіретін кешенге айналды.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы