Павлодарда коммуналдық апаттар жиілеп кетті

Кеше ғана құбыр жарылып 200-ге тарта үй жылусыз қалды. Мамандар ақау шыққан жерді тауып, қалпына келтірген болатын. Бірақ бір түн өтпей сол құбыр қайта жарылды. Ал бүгін таңертең қаланың орталық көшесінде жарылған құбырдан 20 шақты әкімшілік ғимарат пен көп қабатты 9 үй сусыз қалды. Олардың қатарында облыстық әкімдік ғимараты да бар.

Қамзин және Казправда көшелерінің қиылысындағы жылу желілерінде құбыр жарылды. Соның салдарынан 200-ге тарта үй жылусыз қалды. Бұл жекеменшік тұрғын үй секторындағылар үшін қиындық тудырып тұр.

Қала тұрғыны:

- Кеше күні бойы жылусыз отырдық. Кешке қарай қосқан сияқты еді бүгін қайтадан өшіріп тастады. Үй салқын, балаларымыз тоңып отыр.

Екатерина Байжұманова, «Павлодарэнерго» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі басшысының м. а.:

- Жылу желісінен шыққан жаңа ақауға байланысты тұтынушыларды жылудан қайтадан ажыратуға тура келді. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Кешкі сағат беске дейін толық аяқталып, жекеменшік тұрғын үй секторындағы үйлер жыумен қамтылатын болады.

Ал бүгін таңертең қаланың қақ ортасында жарылған құбыр коммуналдық қызметті аяғынан тік тұрғызды. Олар таңертеңнен бастап орталық көшенің мұзын ойып әлек. Құбыр жарылып, бірнеше көшені су басты. Жиырма шақты мекеме, 9 көп қабатты үй сусыз қалды.

Дмитрий Башкиров, «Павлодарводоканал» ЖШС бас инженері:

- Біз коммуналдық апатты шамамен кешкі сағат сегізге қарай қалпына келтіреміз деп ойлаймын. Құбыр өтетін аумақтың суын шығаруымыз керек. Дәнекерлеу жұмыстары бар.

Мамандар бұл аумақтағы су құбырларының әбден ескіргенін айтады. Жаңарту жұмыстары келесі жылға жоспарланыпты. Облыс орталығындағы су және жылу желілерінің 80 проценті тозған. Коммуналдық апаттардың жиілеп кетуінің басты себебі де осында жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов