Алматыда ағайынды кәсіпкерлер нанның қалдықтарын кәдеге жаратуды ойлап тапты

2022 жылдың соңына дейін Алматы қаласының барлық аудандарында нан қалдықтарын салатын арнайы контейнер қойылады. Әзірге пилоттық жоба Әуезов ауданында жұмыс істеп тұр. Қазір көп қабатты үйдің тұрғындары нан қалдықтарын бөлек жиып жүр. Жобаны қалалық кәсіпкерлер өз күшімен жүзеге асыруда. Обал-сауапты түсінетін тұрғындар бұған айрықша разы.

Ағайынды Талғат пен Бағдат Сәрсеевтер қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеген. Сондықтан тамақ өнімдеріне бей-жай қарай алмайды. Қоқыста кесек-кесек боп жатқан нанды көрген сайын жандары ауыратын. Ақыры сол нан қалдықтарын өңдеп, мал мен құсқа азық қылуды ойластырыпты.

Бағдат Сәрсеев, кәсіпкер:

- Бар жақтан сұрадық. Пищевой отходты ешбір жерде өңдемейді, оның бәрі полигонға кетеді екен. 

Үш күнде 100 бөшкеге 600-700 килограмм нан өнімдері жиналады. Жиналған қалдық мына шағын цехта әуелі кептіріледі, сосын ұнтақталады. Одан кейін барып 80 градус цельсийда түйіршік боп біріктіріледі.

Гүлжан Дамалатова, қала тұрғыны:

- Қойғанына өте қуаныштымыз. Пакетті сыртқа тастайтын. Андай мусор қоқыстың арасына тастайтын. Біз енді жанымыз ашып, ол нандар шашылып жатады. Сондықтан осындай арнайы бочкалар арнайы нанға әкеп қойғанына қуаныштымыз. Қазақпыз ғой, нан аяқ астында жатпау керек деп ойлаймын.

Бұл құрама жемді мал бордақылайтындар алады. Сондықан оған сүйек-саяқ қосылмайды. «Халал» стандартқа сәйкес, малға берілетін тамақта ет болмауы керек», - дейді кәсіпкерлер.

Бағдат Сәрсеев, кәсіпкер:

- Жаз бойы сатып келе жатырымыз. Сүт сауып отырғандар сүттері көбейді, бордақылап отырғандар жақсы көтеріліп жатыр дейді. Жақсы жеп жатыр аппетитпен. Айырмашылығы ешқандай жоқ арпа, бидайға қарағанда. Арпа, бидай ұнтақталғаынмен қарағанда, белок, протеин, калорий бәрі почти бірдей бәрі.

Ағайынды кәсіпкерлер құрама жемді көгермеген наннан ғана жасайды. Ал келесі жылы көгерген нанды да кәдеге жаратып, тыңайтқышқа айналдыруды көздеп отыр. 2022 жылдың соңына дейін Алматының барлық аудандарына нан қалдығын салатын 1500 бөшке қоямыз деген жоспары да бар. 

Кәмшат Әбілқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев