Маңғыстау облысындағы ауылдарда алғаш рет спорт алаңдары ашылды

Ауыл-аймақ өзгеріп келеді. Заманауи құралдар шалғайға да жетіп жатыр. Солардың бірі – Боранқұл ауылы. Мұнда алғаш рет озық үлгідегі спорт және ойын алаңдары қолданысқа берілді.

Маңғыстау облысындағы ең шалғай елді мекен Бейнеу ауданына қарайды. Соңғы екі жылда мектеп ауласы жаңарып, жастар аллеясы ашылған. Көшеде жаяу жүргіншілерге тасжол төселді. Дені демеушілердің көмегі. Ал ауылдың белсенді азаматтары ауыл инфрақұрылымын жақсарту үшін 12 жобаға өтініш берген екен. Соның біразы орындалды. Боранқұлдағы футбол алаңы да қайта жөнделіп, жанынан воркаут алаңқайы салынды. 

Айтбай Сиық, ауыл тұрғыны:

– Ауыл ішінде ойын алаңдары, стрит-воркаут алаңдары салынды. Ауылымыздың балаларының салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын арттыру болатын мақсатымыз. Және де спорт кешендерінің маңына жарық шамдары орнатылды.