Петропавлда тазалыққа жауапты кәсіпорындар банкротқа ұшырағалы тұр

Петропавлда тазалыққа жауапты кәсіпорындар банкротқа ұшырағалы тұр

Қоқыс шығарудың да машақаты көп. Петропавлда тазалыққа жауапты кәсіпорындар шығынға батып, банкротқа ұшырағалы тұр. Мамандардың өз айтуларынша, соңғы 4-5 жылда тариф мүлдем өспеген. Ал жанармай, қосалқы бөлшек пен техника бағасы бір орнында тұрмайды. Енді келер жылға тарифті қайта қарамаса, онсызда шашауы шыққан кәсіптің тіптен шаң қауып қалар түрі бар.

Облыс орталығында қоқыс шығарумен төрт кәсіпорын айналысады. Қазір олардың жағдайы мәз емес. Техникалары сынып, істен шығып жатыр. Салдарынан тазалау жұмыстары уақытылы жүргізілмейді.

Юрий Британов, қала тұрғыны:

– Тарифті көтерген де дұрыс шығар деп ойлаймын. Ертең жауаптылар жұмысқа шықпай қалса, қоқыстың астында қаламыз. Сондықтан алдағы уақытта жағдай тіптен қиындап кетуі де ықтимал.

Қаңтар айынан бастап қала тазалығына жауапты мекемелер жеке секторларға бармауы мүмкін. Банкрот алдында тұрған кәсіпорындар аулаларда осындай хабарландыру қалдырған. Жағдайдың қиындауын олар жанар-жағармай және қосалқы бөлшектердің күрт қымбаттауымен байланыстырады.

Мұрат Есмұханов, кәсіпкер:

– 2018 жылы жүк көліктеріне шинаны 33 500 теңгеден алатын едік. Қазір ол 162 мың теңге тұрады. Дизель отыны екі есеге өсті. Салдарынан қазір шығынға батып жатырмыз. Қоқыс полигонына қарызым 6 миллион теңгеден асты. Оның үстіне жұмысшылардың айлығын көтеру керек. Сондықтан барлығын есептеп, тарифті көтерсек деп отырмыз.

Қалалық әкімдік өкілдері аталған мәселеден құлағдар. Қазір жауаптылар оның шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Тамыз айында олар қалалық әкімдікке тарифті көтеру бойынша сұрақпен жүгінген болатын. Одан кейін барлық құжаттамаларын тапсырды. Қазіргі таңда қалалық әкімдік анализ жасады. Соған байланысты енді жақын арада бұл сұрақ қалалық кеңесте қаралатын болады. Одан кейін мәслихаттың сессиясында қаралады.

Осылайша коммуналдық мекемелер барлық шығынды есептеп тариф бағасын 220 теңгеден 450-ге көтеруді сұрап отыр. Жалпы бұл компаниялар жыл басынан шахардан 49 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықты сыртқа шығарған екен.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев