Дәрігерлер дабыл қағуда: елде уытты бауыр ауруына шалдыққандар саны артты

Биыл 1200 адам осындай диагнозбен ауруханаға түсті. 

«Ағзаңызды тазартып, жасара түсесіз. Тезірек арықтайсыз». Осындай жарнамалар бүгінде қаптап кетті. Әсіресе, пандемия кезінде биологиялық қоспалардың саудасы қыза түсті. Бұл осы өнім түрін өндірушілер үшін тиімді болды. Олар халықтың денсаулыққа жіті көңіл бөле бастауын ұтымды пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы тауарды кеңінен насихаттады. Тіпті, танымал блогерлердің де көмегіне жүгінді.

Ең сорақысы бір жасқа енді толған бүлдіршін Қытайда шығарылған осындай зиянды қоспаның құрбанына айналды. Ол бауыр циррозынан көз жұмды. Ата-анасы емшінің сөзіне сеніп, сәбиге биологиялық белсенді өнім берген. Сондықтан мамандар дәрігердің кеңесінсіз мұндай заттарды тұтынуға болмайтындығын ескертіп дабыл қағуда. Артық қыламын деп, тыртық қылып алмаңыз.

Эльвира Наурузова, эндокринолог-дәрігер:

– Менің тәжірибемде науқас белгілі бір шөптерді дәрігердің кеңесінсіз қабылдаған. Ол өтінде тас барын білмеген. Салдарынан тас орнынан жылжып, ауруы асқынып, аурханаға түсті. Пандемия кезінде ол өтінен айырылып қалды.

Дәрігерлер әуес болмаңыздар деп дабыл қағып отырған биологиялық белсенді қоспаларды жақтайтындар да аз емес. Көбіне фитнес-тренерлер бұлшық етті шынықтыра түсу үшін пайдалануға кеңес беріп жатады.

Александр Иващук, фитнес-тренер:

– Бұл өте жақсы үрдіс. Биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну арқылы адамдардың жасы ұзарып, өмір сапасы арта түседі. Бұған қоса, дәрігерлер ОМЕГА 3 пен Д дәруменін пайдалануға кеңес беріп жатады. Оларды пайдаланғанның нәтижесінде адам ағзасы қуаттана түседі. Өмір жасы ұзарады.

Елімізде биологиялық белсенді өнімдердің нарығы кеңейе түсті. Қазір отандық өндірушілер де шетелдіктерден қалыспай түрлі қоспаларды шығарып жатыр. 

Алмат Қосалиев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

– 2021 жылдың 10 ай ішінде біздің комитетімізден 675 биологиялық қоспалар тіркеуден өтті. 2021 жылдың 10 айында осы белсенді биолдогиялық белсенді қоспалардың контрафакті жағдайы анықталған жоқ.

Алайда талапқа сай емес биологиялық өнім түрлері анықталды. Биыл 10 ай ішінде 400-ге жуық қоспа түрі зерттеліп, оның 28-і Еуразиялық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкес келмеді.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Алишер Накипов, Жандос Битабар