Ақтөбеде майданда жоғалған жауынгер туралы мәлімет табылды

Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, хабар ошарсыз кеткен ақтөбелік жауынгер туралы дерек жария етілді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

1941 жылы шілдеде облыстың Мұғалжар ауданынан майданға аттанған Дүйсенбай Кафкаев жөнінде бұған дейін еш мәлімет болмаған. Із-түзсіз жоғалғандар қатарына жатқызылған сарбаз туралы биыл ресейлік іздеушілер архив құжаттарынан тапқан.

Белгілі болғандай, жерлесіміз Ақтөбеде жасақталған 312-ші атқыштар дивизиясының құрамында жауға қарсы соғысып, қаза тапқан. Ал денесі Калуга облысына қарасты Малоярослав ауданындағы «Естелік алаңы» атты белгісіз жауынгер зиратына жерленген. Ал дивизияның құрылғанына биыл 80 жыл толды. Дивизияның сапында болған сарбаздардың ерлігі де паш етіліп, олардың артында қалған балалары мен немерелеріне мерекелік медальдар табыс етілді.

Гумер Галеев, «Жауынгерлік бауырластық» ҚҚ жетекшісі:

– Бұл шара белгісіз жауынгер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Айтулы күн 2014 жылдың желтоқсанынан бері ТМД елдерінде аталып өтіп келеді. Негізгі мақсатымыз Отанымызды жаудан қорғау үшін ұрыс даласынан қайтпай қалған немесе із-түзсіз кеткен сарбаздарымыз туралы айтып, насихаттау. Алдағы уақытта ел қорғаған батырларымыз жөнінде әлі талай тың мәліметтер пайда болатынына сенімдіміз.