Алматыда экологиялық талапты бұзғандарға айыппұл салынды

Өңірде экологиялық талапқа сай келмейтін көліктердің жүруіне тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ол үшін қаладағы көліктердің экологияға зияндылығын тексеру жүріп жатыр. Шаһарға кірер жолдарда бекет саны көбейіп, бақылауды күшейту үшін арнайы патруль жасақталды. Статистика бойынша Алматыда жыл басынан бері нормаға сай келмейтін көлік иелеріне 24 миллион теңгеден аса айыппұл салыныпты.

Алматыда 15 экологиялық бекетте жыл басынан бері 139 мыңнан аса көлік тексерілген. Нәтижесінде 21 мыңы экологиялық талапқа сай болмай шыққан. Жеке тұлғаларға бірінші рет 10, заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Экологиялық бекеттердің қатарын қазан айынан бастап арнайы патруль толықтырған.

Манап Саттаров, қалалық ПД жергілікті полиция басқармасының басшысы:

– 118 мыңнан аса хаттама толтырылып, оларға 24 миллионнан астам айыппұл салынды жаңағы көліктерге және сонымен қатар қала ішінде бізде қазір 11 экипаж қаланың экологиялық рейд жүргізіп жатырмыз. Олармен 2550 көлік тексерілді. Әрбір қаладағы тексерілген көліктердің қала бойынша 23 пайызы біздің экологияға сәйкес келмейтінін көрсетіп отыр.

Айта кетейік, ауадағы зиянды заттардың мөлшері нормадан бірнеше есе жоғары дейді экологтар. Мысалы, ауадағы азот диоксидінің тәуліктік мөлшері 0,04 процент деңгейінде болуы керек. Алайда бұл көрсеткіш 25 есеге асып кеткен. Мамандардың мәліметінше, қоршаған ортаға ең көп зиян келтіретін де осы ескі автомобильдер.

Серік Әділбаев, қалалық жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары:

Орта есеппен Алматы қаласында бөлінген зиянды заттардың көлемі жылдық көлемі 122 мың тонна болса, оның ішінде 57%-нің 70 мың тоннасы жылжымалы автокөліктерден болып отыр. Одан бөлек 38 проценті 46 мың тоннасы ол – өнеркәсіп пен кәсіпорындар. Қалған 5% 6 мың тоннасы ол – газға қосылмаған тұрғын үйлер мен ғимараттар.

Егер көліктерден атмосфераға бөлінетін зиянды қалдық үш жыл қатарынан 70 мың тоннадан азаймайтын болса, шектеу шаралары қолға алынбақ. Яғни 2023 жылдан бастап экологиялық талапқа сай келмейтін көліктерге қалаға кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Ләйлә Мұхаметрахимова, экожүйелерді тиімді басқару қызметінің басшысы:

– Экологиялық кодекстің 208 бабына сәйкес қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол кодексте егер үш жыл қатарынан көрсетілген өлшемдер жоғары болған жағдайда, онда жергілікті атқарушы орган кіргізбеуге іс-шара қолдана алады.

Бүгінгі рейд кезінде құрылыс алаңдарындағы жүк көліктері де тексерілді. 300-ге жуығына хаттама толтырылды. Сондай-ақ ауаға айтарлықтай зиян келтіріп отырған кәсіпорындар да жекелей тексерілмек. Ол үшін жылжымалы 4 зертхана сатып алыныпты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов