Қостанайда құрылыс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын орын жоқ

Қостанайлық мердігерлер экологиялық кодекстің жаңа талаптарын қалай орындайтынын білмей дал. Бұдан былай заңға сәйкес полигондар құрылыс қалдықтарын қабылдамайды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сынған кірпіш, ескі еден, темірбетондар міндетті түрде қайта өнделуі тиіс. Ал облыс орталығында мұнымен ешқандай кәсіпорын айналыспайды. Мыңдаған тонна құрылыс қалдығы енді қайда жіберіледі?

Биыл шілдеде күшіне енген экологиялық кодекс полигондарға құрылыс қоқыстарын қабылдауға тыйым салды. Қалдықтар алдымен сұрыпталып қайта өңделуі тиіс. Бірақ бұл талапты дәл қазір қостанайлық құрылысшылар орындай алар емес.

Ирина Викулова,Құрылысшылар қауымдастығы директорының м.а.

– Рудныйда мектепке күрделі жөндеу жүргізгенде 1,5 мың тонна қоқыс шықты. Кәсіпкер қалдықтарды қайда жіберерін білмей қиналды. Себебі бізде қоқыс өндейтін кәсіпорын жоқ. Бір жеке компания өзінің алаңына үйіп қоюға ғана рұқсат етті. Әрине ақылы, тоннасына 14 мың теңге алған. Есептей беріңіз, бір жарым мың тонна үшін 21 млн теңге төлеп шығынға батқан.

Қоқыстан құтылу енді шығыны көп шаруаға айналды. Онсыз да құрылыс материалдары қымбаттап жатқанда оған қоқыс қалдықтарының шығыны қосылып, жығылғанға жұдырық боп жатыр.

Валерий Полешко, құрылыс компаниясының директоры:

– Заңды енгізбес бұрын әуелі жергілікті жерлердегі әзірлікті пысықтап алу керек. Қоқыстарды қайта өңдеуге арналған техникалық жабдықтардың құны өте қымбат. Мұндай кәсіпорындар көптеп ашылып жұмыс істесін десе, салықтық жеңілдіктермен қолдау көрсетуі тиіс.

Енді заң талабын қалай орындаймыз деп алаңдаған құрылысшыларға экологтар мәселені жақын арада шешіп береміз деп сендірді.

Қуаныш Елеусінов, Экология департаменті басшысының орынбасары:

– Бүгінде құрылыс қалдықтарын қабылдайтын алаң ашылды. Мұнда қоқысты тек үйе беруге болмайды. Қайта сұрыптап, өңделуі тиіс. Бірақ өңдеуге арналған құрал-жабдықтар қымбат болған соң ба, әлі ала алмай келеді. Қоқыс өңдеу туралы сұрап жатқандар баршылық. Мүмкін ашылып қалатын шығар.

Құрылысшылар қауымдастығы жергілікті билікке екі талаппен хат жолдамақ. Біріншіден, мемлекеттік мекемелер жөнделгенде құрылыс қалдықтарын қайта өндеу шығындары үшін ақша бөлуі тиіс. Ал қолданыстағы сметалық құжаттарда бұған қаржы қаралмаған. Екіншіден, қоқыс өндеуші кәсіпорындардың тезірек ашылуын талап етпек. Әйтпесе, қоқысты рұқсатсыз төгетін орындар көбеюі мүмкін. Қазірдің өзінде оның саны облыста 583-ке жетіп отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров